18.09.2019, 16:38
Оқылды: 74

Ақын Шолпан Қыдырниязова бәйтеректік оқырмандарымен кездесті

Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі айтыскер, ақын Шолпан Қыдырниязованың 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Жүректерге жетсін жырдың жылуы...» атты әдеби-сазды кеш өтті.

шолпан 1

Шолпан Батырқызын Дариян ауылының шекарасынан аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған топ күтіп алып, құрмет көрсетті. Қонақтар ең алдымен балалар модельді кітапханасының жанынан ашылған «Шабыт коворкинг» орталығында болып, кітапханашы Марзия Қонысбаева кітапхананың тыныс-тіршілігімен таныстырып, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязованың ақ батасын алды.

Одан соң мәдениет үйінің фойесіндегі ақынның кітаптары мен газет басылымдарына жарияланған мақалалары жинақтарынан жасақталған көрмемен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Эльмира Жақсылыққызы таныстырды.

Ақынның шығармашылық әлеміне арналған әдеби сазды кешті аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ақын Ертай Бимұханов ашып, кеш Артур Сисеновтің орындауындағы халық әні «Елу үш қыз» әнімен ашылды.

Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров Шолпан Батырқызына тілегін білдіріп, иығына камзол жапты.

Кеш барысында Шолпан Қыдырниязова сөз алып, аудан әкімі мен өңір тұрғындарына ризашылығын білдірді.

Кеште ақынның алғашқы ұстазы Құмарғали Ғұбайдуллин, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов сөз сөйлеп, ақ жарма тілектерін ақтарды. «Дариян» тобының өнерпаздары Шолпан Батырқызының сөзіне жазылған «Аққозым» әнін нақышына келтіре орындады.

шолпан 3

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы

Суреттерді түсірген Сәлім МӘМБЕТӘЛИЕВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале