23.01.2020, 18:30
Оқылды: 841

Ақжайық ауданы орталығындағы инсульттік орталықта алғашқы ота жасалды

Инсульттан кейін миына қан құйылған ауыр халдегі науқасқа Ақжайық ауданы орталығында жыл соңында ашылған инсульттік орталықта ота жасалады. Атап өту керек, бұл аталмыш орталықтағы алғашқы әрі сәтті қадам. Отаны өткізген Ақжайық аудандық аурухананың нейрохирургы Серік Ерниязов.

aqjaiyq (1)

Жәнібек ауданының тумасы инсульттік орталыққа ауыр халде түседі. Қан қысымы көтерілуінің салдарынан комаға жақын жағдайда, яғни медициналық тілмен айтқанда сопор күйінде түскен. Бұл жағдайда адамның қимыл-қозғалыс қабілеті жоғалып, сөйлеу, әсер ету мүмкіндіктерінен айырылады. Миының үштен бір бөлігіне қан кетіп, миы ісінген науқасқа бірден хирургиялық көмек көрсетілмесе, оның өмірін аман сақтап қалу неғайбіл еді. Онсыз да 9 сағат жол жүрген науқасты облыс орталығына жеткізу мүмкін емес болатын. Сондықтан дәрігерлер ота жасау жөнінде шешім қабылдап, сағат түнгі 11-де операцияны бастайды.

-«Қандайма болмасын операция - хирург үшін жауапты іс. Соның ішінде бүкіл тірек-қимыл аппараты, сезім рефлекстеріне жауап беретін миға хирургиялық ота жасау өте күрделі әрекет. Сондықтан операция 3 сағатқа созылды. Операцияны өткізуде қолдау көрсеткен әріптестеріме мың да бір рахмет. Алғашқы операцияның салмағы ауыр, әрине, науқастың есін жиғанын орталық қызметкерлері ұйықтамастан күттік. Таңда көзін ашып, су сұрағандағы қалай қуанғанымызды білсеңіздер», - дейді орталықтың нейрохирургы Серік Наурызбайұлы.

Дәрігерлердің арқасында бүгінде науқас өз-өзіне толық қызмет көрсете алады. Ешкімнің көмегіне мұқтаж болмай, өз аяғынан жүріп жүргеніне тәубе еткен оның ақжайықтық ақжелеңділерге алғысы зор.

Әлия Серікқызы

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале