10.06.2019, 10:17
Оқылды: 141

Ақжайық ауданы тұрғындарының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылады

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап, Томпақ елді мекендеріне ауыз су құбырын тарту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Айтулы шарада аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев болды.

IMG_3980

-Баршаңызды көптен күткен бүгінгі қуанышпен құттықтаймын! Таза ауыз су - мықты денсаулықтың, ажарлы тұрмыстың  кепілі. Сондықтан ауылдар, елді мекендер таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Ауданымызда бұл жөнінде оң қадамдар бар. Жас ұрпақтың, барша  тұрғынның игілігі  үшін жасалып жатқан мемлекет қамқорлығы біз үшін зор міндеттер жүктейді. Еліміз көркейіп, дами берсін,- деді Қ.Айтмұхамбетов.

Ол құрылысты уақтылы әрі сапалы жүргізген мердігер «Құрылысгаз» ЖШС директоры Каримолла Жақыповқа алғысхат табыстады.

Аудан басшысының айтуынша, бүгінде 28 ауылда ауыз су мәселесі шешілген, яғни тұрғындардың 84,8 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Мысалы, былтыр Сайқұдық, Әтібек, Қамыстыкөл елді мекендері жұрты осы жақсылыққа кенелсе,  Көнеккеткен ауылындағы су құбырын қайта құру бойынша  құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Биыл Қадырқұл, Қызылжар, Битілеу, Жайық, Қабыл, Кеңсуат және Жамбылға таза ауыз су апару және Базартөбе ауылындағы су құбырын қайта құру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жасалмақ. Сонда аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95 пайызға жетеді деп жоспарлануда.

IMG_3997

Шабдаржапта бұл құрылыс 2018 жылы басталған-ды.  8 айға созылған ауқымды істі «Құрылысгаз» ЖШС жүргізді. Құбыр Шабдаржаптағы 786, Томпақтағы 300 тұрғынды қамтып отыр. Жалпы сомасы 441 280,0 мың теңге нысан үшін тұрғындар ризашылығы әрине, шексіз.

Екі ауылда да 25 текше метрлік су мұнарасы, Томпақта 100 текше метрлік 2 резервуар, Шабдаржапта 150 текше метрлік үш резеруар, заманауи сусорғы, сүзгілер орнатылды.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев, «Құрылысгаз» ЖШС директоры Каримолла Жақыпов сөз сөйлеп, тұрғындарды  құттықтады. Сонымен қатар аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов шабдаржаптық Жасқайрат Қашымовтың шаңырағында болып, ауыз судың қысымын, тазалығын көрді.

IMG_4019

Шабдаржап ауылы күннен-күнге ажарланып келеді. Мұнда былтыр ғана сәулетті 198 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Өткен жылы ауыл-аймаққа жанашыр азаматтың бірі Талғат Мұхамедияровтың бастамасымен жүргізілген техникалық су құбырына құжаттар жасақталу үстінде. Тұрғындар аулаларына бау-бақша егіп, көгалдандыруға атсалысуда. Жаңа мектеп ауласының өзінде 400-ден астам тал-терек өсіп келеді.

Бекболат Қаленов,

 суреттерді түсірген автор

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале