19.07.2018, 15:15
Оқылды: 52

Ақжайық ауданына Татарстаннан делегация келді

Akzhaik Tatarstan (1)Өткен айдың аяғында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған облыс делегациясы Татарстан Республикасында болғаны мәлім. Осы сапарда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қол жеткізілді. Міне, Ақжайық ауданына аталған республикадан делегацияның келуі соның бір жарқын көрінісі болып табылды.


Құрамында Татарстанның Ауылшаруашылық және азық-түлік министрлігінің мал шаруашылығындағы асылдандыру ісі жөнінде басқармасының басшысы Рашит Зарипов, аталған ведомстваның жылқы шаруашылығы жөніндегі жетекші консультанты Айрат Хабибуллин, «Элита» Бас асылдандыру кәсіпорны» АҚ бас директоры Фаннур Зарипов, «Ақ Барыс» агрокешенінің жетекшісі Шайдолла Салахов, «Казанский» асыл тұқымды зауытының директоры Марат Гильфанов бар делегацияны аудан әкімі Әділ Жоламанов бастап жүрді.

Аудан басшысы меймандарды Ақжайықтың мал шаруашылығымен, атап айтқанда, жылқы шаруашылығын дамыту барысымен таныстырды. Олар алдымен Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы «Дөңгелек» шаруа қожалығына ат басын тіреді.

Оның жетекшісі Михаил Пшеничный баяндағандай, шаруашылық асыл тұқымды көшім жылқысын өсіру жөнінде мәртебені 2014 жылы алған. Қазір мұнда 615 түлік бар. Әр айғырдың орташа салмағы 620, биенікі – 520 килограмм.

Akzhaik Tatarstan«Дөңгелекте» қазақтың ақбас тұқымды сиыры және «Еділбай» қойы да өсіріледі. Татарстандық өкілдер мен шаруа қожалығының еңбеккерлері жан-жақты пікірлесті.

Осындай жүздесу Алғабас ауылдық округінде орналасқан «Адай Бекет» шаруа қожалығында да болды. Тәжірибелі маман Ерболат Құрманғалиев жетекшілік жасайтын бұл шаруашылықта да көшім жылқысы өсіріледі, бұлардың саны қазір – 1015 бас. Меймандар осындағы қымыз өндіру ісіне де назар аударды.

Аталған министрлік өкілі Айрат Хабибуллиннің айтуы бойынша, көшім жылқысын өсіру жөнінде ақжайықтықтардан үйретін нәрсе аз емес. Демек, бұл аудан мен Татарстан фермерлерінің серіктестігін нығайту өте маңызды. Тәжірибе алмасуға қатысты байланыс ешқашан үзілмейтін болады.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген

Нұрхат МАХЗОМОВ

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале