18.03.2019, 13:36
Оқылды: 29

Ақжайық ауданында әкелер форумдары өтуде

Наурыз қарсаңында Ақжайық ауданының ауылдарында әкелер бас қосулары ұйымдастырылып, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты олардың парызы, жауапкершілігі жайында кеңінен сөз болуда.

forum

         Ілбішін ауылындағы Қарша мектебінде өткен «Әкем – алтын діңгегім» атты әкелер форумы ерекше бір мазмұнымен есте ұзақ сақталары сөзсіз. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнажан Сәрсенбаева жүргізген шара барысында жас ұрпақ үшін ең құнды мұра ата-ана тәрбиесі, бұл орайда ер азаматтардың орны жан-жақты қаузалды. Ауыл-елге беделді отағасылар ұл-қыздың тағдыры, үлкендердің жауапкершілігі жайында ой-пайымдарын кеңінен ортаға салды.

         «Менің әкем – ең тамаша адам» тақырыбында үлгілі отағасылар туралы бейнероликтің көрсетілуі, «Сыр-сұхбат» бөлімінде Қорқыт атаның «Ұл әкеден үйренбей сапар шекпес, қыз шешеден үйренбей өнеге алмас» деген қанатты сөзінен қайнар алатын сан тарау тәрбие жолы жайында әңгіме ешкімді бейжай қалдырмады. Сондай-ақ мысалы, «Білікті әкеден – білімді ұл» бөлімінде «READX» жобасы аясында кітап оқудың өмірдегі пайдасы туралы кітапханашы Нази Тілесованың баяндауы өте тартымды болды. Еңбек ардагері Қадырғали Өтегенов әйгілі шайыр Мұқағали Мақатаевтың жырларын шексіз сүйетіні, оның 20 өлеңін жатқа білетіні жайында ағынан ақтарылды. Сыйлы жандардың бірі Темірғали Исаев өзі әрдайым сүйіп оқитын Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы кітаптардың мазмұнын қысқаша әңгімелеуі де, 5 сынып оқушысы Төлебай Ерасылдың қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаятынан түйіндеген өз ойларымен бөлісуі де шараға ерекше шырай әкелді.

         Технология пәнінің мұғалімі Мөлдір Құсайынованың «Ата өнері – балаға мұра» тақырыбындағы дәрісі, ұлдар мен әкелердің қолдан жасаған бұйымдарынан көрмесі көпшілікке ұнады.

         Балаларды атқа үйретіп жүрген мектеп түлегі, атбегілік өнерге дендеп жүрген Сұңғат Рсалиев жылқы малының қасиеттерімен жете таныстырды. Оның дәрісі мектеп алаңында жалғасып, әкелер мен ұлдар қылқұйрыққа мінді.

         Форумды қорытындылаған мектеп директоры Мария Құсайынова ұл-қыз тәрбиесіндегі ата-ананың парызы мен міндеті туралы сөз бұл шарамен шектелмейтінін айтты.

Бекем Бекұлы

Ілбішін ауылы

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале