5.04.2019, 12:25
Оқылды: 30

Ақжайық ауданында ардагерлер сынға түсті

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ардагерлер шығармашылығын дамытып, ұрпаққа салт-дәстүрді, дініміздің, тіліміздің, өнеріміздің терең тарихын насихаттау мақсатында Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта ардагерлер арасында «Ұлы дала ұлағаты» атты байқау ұйымдастырылды.

 IMG_1914

Өнер додасына ауданның 15 ауылдық округінен қария қатысты. Ән айтып, би орындап, аспапта ойнап, көркемсөз оқып, өнерлерін ортаға салған ардагерлердің арасынан мықтыларын анықтау қазылар алқасына қиынға түсті. Өйткені қатысушылардың сахна мәдениетін сақтауы мен киім киісі, шығарманы орындаудағы ізденістері бірінен бірі асып жатты. Мәселен, чапаевтық Аманғали Қайсағалиевтің домбырада күй күмбірлетуі, құрайлысайлық Рамазан Тажғұловтың «Қара жорға» биін билеуі, будариндік Ермекқали Молдағалиевтың Махамбет батырдың «Мен, мен, мен едім...» өлеңін ерекше нақышта жатқа оқуы көпшілікті тәнті етті. Мұның бәрі жастарға айтулы бір өнеге кеші болды.

Байқау қорытындысында Темірғали Исаев «Имандылық игілігі», Меңдеш Мергенов «Данагөй қария», Хайролла Ерғалиев «Қамбар ата қамқоршысы», Орынша Биманова «Сегіз қырлы, бір сырлы», Ермекқали Молдағалиев «Өнерлі қария», Серік Кенжеғалиев «Ақылман ақсақал», Жиенбай Шленов «Шежірелі қария», Марат Сәрсенғазиев «Айыркөмей ақсақал», Сағынтай Базаров «Үзілмеген ұстаздық», Рамазан Тәжіғұлов «Ұлтын ұлықтаған», Орынғали Аймұқашев «Батагөй қария», Сансызбай Қабдоллашев «Рухты қария», Қайырлы Құсайынов «Атаның сөзі – ақылдың көзі», Аманғали Қайсағалиев «Жансерігі домбыра» аталымдарын иеленді.

Қариялардан халық мұрасына деген зор сүйіспеншіліктің лебі ескенін байқауға арнайы келген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов атап айтты.

IMG_1917

Нұрхат Мағзомов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале