5.06.2017, 12:33
Оқылды: 69

Ақжайық ауданында ауқымды құрылыстар жүргізілуде

Akjayik audaninda aukimdi kyrilistar  Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов орынбасарларымен, бірқатар бөлім басшыларымен, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірге Чапаевта жүргізіліп жатқан құрылыстардың барысымен танысты.

    Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Чапаевта екі пәтерлік 5 тұрғын үй салу басталды. Бұдан бөлек, аудан бюджетінен қарастырылған қаражатқа 6 ауылда бір пәтерлік баспаналар салынатын болады.


   Аталған бағдарлама бойынша Ерболат Сәрсенғалиев басқаратын мердігер «Қалдығайты» ЖШС құрылысқа жергілікті 8 тұрғынды тартқан. Әрқайсысының жалпы аумағы 110 шаршы метр үйлердің іргетасы құйылуда. Бұл үйлер кезекте тұрған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріледі.

   – Осы жылы көлемді қаражат бөлініп, алуан ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілетінінен тұрғындар хабардар. Осыған орай, қандай іс болса да, оның сапалы болуын қатты қадағалауымыз керек,-деді аудан әкімі Әділ Жоламанов мердігер өкілдерімен әңгіме барысында.

   Осы айда құрылысы аяқталатын дене шынықтыру және спорт алаңының жұмыстары біте келді. Мереке Молдағалиев басқаратын мердігер «Жайық Сити» ЖШС салып жатқан кешенге жұртшылық жақсы баға беруде. «Оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізуде әрі спортқа баулуда бұл кешеннің салынуы орайы келген іс болды. Үлкен қалаларда оқып жатқан студенттеріміз де демалысқа келіп жатыр. Жас буынның жаз маусымын қызықты өткізу үшін мұны тезірек тәмамдауымыз керек»,-деді аудан әкімі.

   Республика, Қазақстан көшелеріне ұзындығы 2.6 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын төсеуде жергілікті 21 адам жұмыс жасауда. Соны аяқтау тамыз айынының орта шеніне белгіленіп отыр. Қонаев және Республика көшелерінің қиылысында орнатылып жатқан бағдаршам құрылысына қатысты да осы жайында айтылды. Жалпы сомасы 7.1 млн. теңгені құрайтын мұны Қайратқожа Қожамұратов иелік ететін «Жайық Жарығы» ЖШС. атқаруда. Айта кетерлігі, бұл бағдаршамның дыбысты бағыттағышы бар, яғни зағип жандар үшін де жолдан өту уақытын еске салып тұрады.

    Данияр Сұлтанғалиев басқаратын «Расулстройсервис» ЖШС О.Исаев атындағы көше бойында, орталық базар тұсында құны 6.9 млн. теңгені құрайтын қиынды тас төсеу жұмыстарын жүргізуде. Оның аумағы 1700 шаршыметрді құрайды. Осы істің барысын байқастаудан соң Есенжанов атындағы көшедегі №111 үйді күрделі жөндеуден өткізудің жай-жапсары жайында әңгіме болды. «Жайық Сити» ЖШС қолға алған құрылысқа жергілікті бюджеттен 3.4 млн. теңге қаражат бөлінген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автожол бөлімінің басшысы Сәкен Ашабаевтың айтуынша, бұл үйге Панфилов атындағы көшедегі апатты жағдайда тұрған №20 үйдің тұрындарын көшіру жоспарлануда.

   Чапаевта жүргізіліп жатқан мешіт құрылысын аяқтау да басты назарда ұсталып отыр. Осы күні тұрғындар сенбілік ұйымдастырып, мешіттің айналасын тазалауға шыққан. Ғимараттың бөлмелерін әрлеу, еденін төсеп, жылу жүйесін жүргізу сияқты қам-қарекет қалып отыр.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале