19.03.2018, 12:31
Оқылды: 87

Ақжайық ауданында әжелер ансамбльдерінің байқауы өтті

Жұртымыздың ізгі адамгершілік қасиеттері мен салт-дәстүрлерін жас ұрпақ бойына дарытуда, қазақ ән өнерін насихаттауда әжелер ансамбльдерінің орны ерек. Ақжайық ауданында бұл өнер ұжымдарының қатары барған сайын нығаюда. Соңғы үш-төрт жылда бес ауылда осындай ансамбль дүниеге келді. Наурыз мейрамы құрметіне аудандық «Рухы биік аналар» атты әжелер ансамбльдерінің байқауы олардың ізденісіне тың серпіліс берді. Ілбішін, Алғабас, Мерген, Жаңабұлақ, Жайық, Атамекен, Ақсуат, Шабдаржап, Бударин, Қабыршақты, Тайпақ, Базаршолан және Чапаев ауылдарынан ансамбльдер қаншама жыл өтсе де көнермейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, халқымызға биік рух сыйлап келе жатқан әндерді орындады.

Ғасырдан ғасыр жасап келе жатқан халық әндері, Алаштың ардақты азаматтарының бірі Илия Жақанов, сондай-ақ Бақытнұр Қызырбайқызы сынды сазгерлердің шығармалары шырқалды. Айтулы шара қорытындысымен тайпақтық «Ақ тілек» әжелер ансамбліне І орын берілді. ІІ орынды алмалылық «Інжу-Маржан» мен Жайық ауылынан «Асыл әжелер» ұжымы иеленсе, ІІІ орынды атамекендік «Атамекен», будариндік «Мейірім», жаңабұлақтық «Ақтілеу», қарауылтөбелік «Ақ әжем» ансамбльдері еншіледі.

Нұрхат МАҒЗОМОВ,

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

Суретте: І орын иегері тайпақтық «Ақ тілек» әжелер ансамблі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале