17.11.2017, 12:27
Оқылды: 21

Ақжайық ауданында дәрігерлер форумы өтті

IMG_8083Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылдық округінде «Ақжелеңді абзал жандар» атты форум өтті.

«Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл үлкен шараға кезінде Тайпақта денсаулық сақтау саласында қызмет жасап, қазір облысымыз аумағында, көршілес Атырау облысында жұмыс істейтін 32 дәрігер келді. Ауылдық округ әкімі Болат Шәленовтың бастамасы бойынша жиналған денсаулық сақшылары алдымен Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сосын ауылдық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысып, осындағы емделушілермен пікірлесіп, Қ.Байсықов атындағы орта мектептің ұжымымен жүздесті.

Аудандық орталық аурухана ұжымы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының биылғы белгіленген көрсеткіштерін орындауы да барынша ілгерілеуге куә болса керек. Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі бойынша алдағы жылдары медициналық қызметтерді біртіндеп электрондық жүйеге ауыстыру көзделуде, биылдан бастап аудандық емхана мен ауруханалар  медициналық ақпараттық жүйе бағдарламасымен жұмыс жасауда. Бас қосу барысында осы және басқа да деректер тілге тиек болды. «Елбасымыз айтқандай, дамыған елдердің қатарынан табылу үшін Қазақстанда қай салада болмасын ілгерілеуге мүдделілік мықты. Соның ішінде халық денсаулығы бірінші орында тұруы қажет деп есептеймін. Біз ауруды емдеумен емес, оның алдын алумен айналысуымыз керек. Сондықтан әрбір тұрғын өз саулығына жауапты әрі бүгінгі медицинаның мүмкіндігін пайдалана білсе, құба-құп. Айталық, Ақжайық ауданы жұртының ауруды ерте анықтауға арналған скринингтерден өту көрсеткіші жаман емес. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетері сөзсіз»,-деді өз сөзінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызметті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова.

IMG_7899Келесі күні дәрігерлер таңертеңнен кешке дейін ауыл тұрғындарын қабылдады. Олардың арасында педиатр, травматолог-ортопед, онколог, нарколог, дерматолог, гинеколог, психиатр, ренгенолог, фтизиатр, маммолог, кардиохирург, т.б. мамандар болды. Дәрігерлерге жүгінушілерде шынтуайтында, есеп болған жоқ. Өйткені, ауылдық ауруханада хирург, окулист, лор, дерматолог сынды мамандар жоқ. Сондықтан кезекке тұрған тұрғындардың бәрі де шамалары келгенше «қолға түсе бермейтін» дәрігерлердің кеңесін алуға асықты. Әсіресе, окулистке келушілердің қатары көп болды. Олардың ішінде егде жастағылармен қоса жастар жиі кездесті. Көбінің көру қабілеті нашарлаған. Үлкендерді айтпағанда, кезекте тұрған жастар жанарларындағы кемістікті смартфон телефондардан, компютерден көретіндіктерін мойындады.

Сондай-ақ балалар педиатрына, кардиохирургқа да жүгінушілер аз болмады. Тайпақтағы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Сәрсенғалиевтың айтуынша, округте ішкілікке салынып, тіркеуде тұрған 15 тұрғын бар. Олардың ащы судың арбауынан құтылып, түзу жолға түсуіне дәрігерлердің осындай қабылдауы өз септігін тигізері сөзсіз. Нарколог Асқар Мырзағалиевқа кеңес сұрап 6 адам келді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале