17.07.2018, 16:32
Оқылды: 53

Ақжайық ауданында инсульттық орталық ашылмақ

Akzhaik brifingБұл жайында БҚО өңірлік коммуникация қызметі өткізген брифингте Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов айтты.


Спикердің айтуынша, Ақжайық ауданында жыл соңына дейін ашылады деп жоспарланған инсульттық орталық облысымыздың оңтүстік аудандарының тұрғындарына қолайлы болмақ. Орталықта қызмет ететін маман мәселесі алдын ала шешімін тапқан.

Сондай-ақ алдағы уақытта аудандық емханада электронды кезек жүйесі іске қосылады. Мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылу жүргізіледі.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында 198 орындық Шабдаржап мектебі және 100 балаға арналған жеке балабақша пайдалануға берілгенін айтты. Аудан бойынша сегіз мектепте электронды күнделік іске қосылған. Интернет желісіне қосылмаған мектептерде «Bilim book» бағдарламасы қолданылады. Чапаев ауылында 300 орындық мектеп-гимназия салу үшін құжаттар рәсімделуде. Оның жанынан ашылатын интернат 100 баланы қабылдайтын болады. Жоба құны – 1426,3 млн. теңге. Былтыр бұқаралық спортты дамыту мақсатында барлық ауылдық округте street workout үлгісінде алаңдар салынған.

– Бүгін көше жаттығуларынан аудан біріншілігі өтуде. Командасы жеңіске жеткен ауылға 4 млн. теңгенің жаттығу құрылғылары сыйға беріледі, – деді әкім.

Биыл ауданның 11 елді мекенін газдандыру сәтімен аяқталса, Ақжайық жұртшылығы толығымен көгілдір отынмен қамтылмақ. Дегенмен елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға көгілдір отын жеткізу үшін қосымша қаражат қажет екен. Аудан бойынша жеті ауылға таза ауыз су жеткізілген. Бұл бағытта басқа ауылдарда су құбырын тарту, қайта жаңғырту, сумен жабдықтау жүйесін жаңалау жұмыстары жалғасын таппақ. Биыл аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй салынуда, тағы да дәл осындай екі үйді тұрғызу жоспарлануда. Тайпақ ауылына 2 қабатты 12 пәтерлік коммуналдық үйдің мен жеті ауылға екі пәтерлі баспананың жобасы жасақталуда.

Нұртай Алтайұлы

ФОТО: Өңірлік коммуникациялар қызметі

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале