13.06.2018, 9:46
Оқылды: 19

Ақжайық ауданында ІТ-сынып ашылады

DSC_0006Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының сатылап жүзеге асырылуы аз уақыт аралығында нәтижесін бере бастады.

«Нұр Отан» партиясы цифрландыру бағдарламасын дамытуға арналған өз жобасын бастап, нақты іске көшті. Қазір партия білікті IT-мамандар даярлауға бағытталған «IТ-мамандарды даярлау» бастамашыл жобасын іске асыруда.

Еліміз бойынша 1000 IT-сынып ашылмақ. Онда жастар бағдарламалау мен робот техникасының негіздері жөнінде жан-жақты білім алады. Батыс Қазақстан облысында да осы орайда тиісті қам-қарекеттер жүргізілуде. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың тікелей тапсырмасымен облысымызға келген партия Орталық аппаратының инспекторы Сұңғат Сығай іссапар барысында Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта болды.

Аудан орталығындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте 200 оқушыға арналған 1 факультативтік IТ-сынып ашу жоспарлануда. Аудан әкімі Әділ Жоламановпен жүздесуде соған дайындықтың жай-жапсары, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға байланысты басқа да дайындықтар барысы баяндалды.

Осыдан соң мейман партия облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Кенжеәлі Төремұратовпен, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаевамен, аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевпен бірге рухани-мәдени нысандарда болып, еңбек ұжымдарымен жүздесті. Арнайы IT-мамандар даярлап, өңірлік кітапханалар жүйесін трансформациялауға және кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталығы ретінде қайта құруға жол ашылатыны жайында да кеңінен әңгімеленіп, пікір алмасылды. Облыста онлайн кітапхана жүйесіне қосылған 83 кітапхана бар. Аудан бойынша 45 кітапхананың 5-еуі онлайн жүйесіне қосылған (Чапаев, Тайпақ, Ақжол, Жаңабұлақ, Алғабас), бұлардағы цифрландыруға байланысты тәжірибелер ортаға салынды.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале