1.07.2019, 17:42
Оқылды: 147

Ақжайық ауданында медиация орталығы ашылды

Бүгінде Ақжайық ауданында да медиация институты жүйелі дамып келеді. Осы істі одан әрі дамытып, өрістету мақсатында аудан орталығында «Әділет» татуластыру орталығы ашылды.

IMG_4071

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жиналғандарды құттықтап, сөз сөйледі.

–2011 жылы Елбасы Жарлығымен «Медиация туралы» Заң қабылданды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында медиация қызметін дамытуға бағытталған нақты шаралар қолға алынды. Бұл бағыт ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда 18 ауылдық округ бойынша 40-қа жуық кәсіби емес медиатор бар. Азаматтар арасындағы көптеген даулы мәселе шешіліп келеді. Бастысы – ел іші даудан тыныш болғаны. Бүгін есігін айқара ашып отырған татуластыру орталығынан осы орайдағы ықпалды, нәтижелі жұмысты күтеміз,- деді ол.

Сонымен қатар аудан басшысы чапаевтық Құрман Бисеғалиев, Жігербай Қажығалиев, будариндік Ғайни Машаева, тайпақтық Светлана Тілекеева сынды бірқатар кәсіби емес медиаторлардың атына алғыс арнады.

Облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ихсанова да құттықтау сөз сөйледі.

«Әділет» татуластыру орталығы ғимаратында медиаторлар жұмыс жасайтын бөлме қарастырылған. Бөлмеде татуластыру алаңы, басқа да орындар бар. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының кабинеті орналасқан. Ата-әжелерге арналған кең бөлме де көз тартады. Шағын кітап бұрышы, газет тігінділері бар. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойынын ойнауға болады. Бұл нысан ақсақалдардың бас қосып, олардың уақытын ұтымды өткізуге таптырмайтын орын болғалы тұр.

IMG_4111

Жиналғандар бұдан кейін Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының аумақтық семинар-жиналысына қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевтың төрағалығымен өткен шараға БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ихсанова, осы мекеменің медиаторы Алуа Рахишева, Қазталов, Тасқала, Ақжайық аудандарының қоғамдық келісім төрағалары қатысты.

Әңгіме барысында қазақтың тарихындағы құқықтық құндылықтар мол болғаны мұны бүгіндегі медиация институтында сөзсіз пайдалануға болатыны айтылды.

Т.Ғабдушев бас қосуда аудандағы 13 үкіметтік емес ұйымның жұмысын баяндады. Құрамында еңбек ардагерлері, белсенді әйел-аналар, саяси партиялар өкілдері, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері – 246 адамнан тұратын қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасайды. 1500-ден астам тұрғынның басын қосқан «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығы да ақжайықтықтардың қуанышы.

–Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың татулығы мемлекетіміздің бірлігін нығайтады. ҚХА осы бағытта жұмыстанады. Қоғамдық келісім кеңестері медиаторлар ел ішіндегі дау-дамайларды шешіп, ұлттық құндылықтарымызды қадір-қасиетін көтеру жөнінде де білек түре жұмыстанып келеді. Еліміз бойынша жаңадан некеге тұрған ерлі-зайыптылардың біразы ажырасып кететіні көпке мәлім. Мұның бәрі қоғамның атсалысуымен бірте-бірте жолға қойылады деп үміттенеміз. Қоғамдық келісім кеңестері мен медиаторлар осы бағытта жұмыстануы керек. Сонымен қатар келешекте ҚХА-ның аудандардағы кеңесін ашу жоспарлануда,-деді Ғайса Қапақов.

Ж.Ихсанова семинар барысында «Қоғамдық келісім» мекемесінің жыл бойы атқарған шараларына шолу жасады. Оның ішінде қазақтың халқының салт-дәстүрлері өрістету бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар, қайырымдылық шаралары тілге тиек болды.

Бекболат Қаленов,

суреттерді түсірген автор

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағыпарақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале