4.05.2018, 11:50
Оқылды: 63

Ақжайық ауданында Михаил Абдоловтың 100 жылдығына арналған конференция өтті

Биылғы Ұлы Жеңіс күнін Ақжайық ауданының жұрты әдеттегіден аса бай, мәнді іс-шаралармен қарсылауда. 1945-тің 9 мамыры бізден алыстаған сайын, оның шұғыласы әлдеқайда жарқырай түскендіктен шығар бұл. Осы топырақтан түлеп ұшқан, қазіргі Жамбыл ауылдық округінде дүниеге келген Кеңес Одағының Батыры Михаил (Бимағанбет) Абдоловтың 100 жылдығының дүбірі тіпті алысқа жаңғырып, үлкен ауданның тынысына айрықша ажар әкелуде. Мереке қарсаңында аудан орталығы Чапаевта хас батырдың мерейтойына байланысты өткен облыстық «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран!» атты конференция Ұлы Жеңіс Отанымыз үшін қуатты құндылық екенін әбден әйгіледі.

Бүгінде әлемде қиыншылық, жаңа сын-қатер аз емес. Демек, тәуелсіз жас мемлекетіміздің тұғырын нығайта түсуге тиіспіз. Осы орайда бізге әйгілі барлаушы болған М.Абдоловтай баһадүрлердің ерлік жолы, еңбек жолы нағыз өнеге мектебі болып табылады. Аталған конференцияға облыстың жер-жерінен келген ардагерлер кеңестерінің, басқа да ұйым, еңбек ұжымдары өкілдерінің алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Әділ Жоламанов осы хақында баяндады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы елжандылық, патриоттық дәстүрге, тәрбиеге тың талаптарды көлденең тартты. Ендеше, абыздарымыздың, аңыздарымыздың, асылдарымыздың өр рухын бойға дарытып, талай зұлматты бастан кешсе де елдік мұраттан жаңылмаған ата-бабаларымыз аманатына адалдық танытуға тиіспіз», - деді әкім.

Батырдың өлген күні бола ма? Экраннан осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілген бейнебаян Бимағанбет баһадүрмен қауыштырды. Ол тап қазір де арамызда жүргендей-ау... «Соғыста мен намысты бастан-аяқ естен шығармадым. Барлаушы ретінде барлық тапсырманы орындадым. Орындамаған кезім жоқ», - деп, қаршығадай қомдана түсіп, шегелеп сөз саптайды.

Айтулы бас қосуда 1938 жылдан Қызыл Армия қатарында және Ұлы Отан соғысында бастан-аяқ болған, әлденеше жарақат алса да мұқалдамай, тіршілікті жалмағысы келген зұлымдыққа арыстандай ақырып қарсы тұрған қаһарманның қуатты рухы есті. Бұл күшті ол Ұлы даласынан, дана бабаларынан алды. Брянск ормандары арқылы 78-ші атқыштар дивизиясы сапындағы жорықтар, Можайск тасжолы бойындағы әйгілі шайқастар, ІІІ Украин майданында, Орлов маңындағы жан алып, жан берісу... Кейін 74-ші атқыштар дивизиясы барлаушылар ротасы барлаушылар бөлімшесінің командирі Абдоловтың ерлігі тіпті алысқа естілді. 1944-тің 7 қарашасына қараған түні Дунай өзенінің оң жағалауындағы жау плацдармын барлап және басып алу жөнінде шұғыл тапсырма тап-тұйнақтай орындалды. Дұшпанның 12 сарбазы мен унтер-офицерін тұтқындайды. Бағалы «тіл» болып табылатын бұларды және құжаттарды сол жағалауға жеткізіп, одан әрі тағы арғы бетте екінші тапсырманы орындады. Яғни, біздікілер оң жағалауға толық өткенше жауды кідірте тұрып, әлденеше мықты қаруын құртты. Командирдің өзі сүйікті «ППШ-сымен» 11 фашисті жайратып, тағы төртеуін қолға түсірді.

Конференцияда сөз алғандар М.Абдоловтың жаудың төрт ұшағын, қару-жарақ қоймасын жоюдағы ерліктерін де әсерлі әңгімелеп, отаншылдық туралы ой-толғамдарын ортаға салды. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов бұл үлкен шараға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің сәлемін, тілегін жеткізе тұрып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жүргізіп отырған Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігіне қатысты ізденісті, яғни осы күнге дейін белгісіз болып келген қаһармандарды, боздақтарды анықтау жөнінде жұмыстар аз емесін айтты. Ол жастар тәрбиесіне зор ықпалы тиер істерді әлде де жандандыру қажеттігіне де тоқталды. Мысалы, мектептерде патриоттық тәрбие клубтарының жұмысын биік дейгейге көтерген абзал. Жастарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салып, қарсылауды да неге әсерлі, тебіреністі ұйымдастырмасқа?

DSC_0036Атажұртты сағынып, Ұлы Жеңіспен жеткен батыр ауылдық кеңестің төрағалығында, кейін тұтыну кооперациясында жауапты қызметте жасады. Жоқ-жітікке барынша пана болды. Өрімдей кезінен қыр төсінде мал баққан әке-шешесіне көмектесіп өскен ол бірер жылдан соң кеңседен гөрі сайын даланы қалап, малшылыққа бет бұрды. Өзіне аудан, облыс орталықтарында тұруға ұсыныстан да бас тартты. Неге? Өйткені, атамекеннен, оның ерке самалынан аулақтауды ойына да алмады. Конференция мінберінен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент басқармасының басшысы Мақсат Мұқанов, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Ғилаж Лұқпанов, еңбек ардагерлері Дәулетжан Жақсыбаев, Станислав Ложкин (Чапаев), Меңсұлу Жұматова (Орал) және Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназияның ұстазы Биман Өтебаевтың естеліктерінен, М.Әуезов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Әсемгүл Жұмаеваның шығармасынан жиналғандар осыған көз жеткізді.

Ауданда осыған дейін ауыл-ауылдың шежіресіне, айтулы тұлғаларға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналып әлденеше басылым шығарылды. Ұл-қыздарды майдан мен тылдағы қаһармандық тақырыбындағы шығармаларды оқып-үйренуге баулу назардан ешқашан түспейді. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің осындай басылымдарды кеңінен насихаттайтын кино-бук жобасы ауылдарға танымал болуда. Бұл жоба бойынша деректі жинақтамада айталық, белгілі ақын Айтқали Нәріковтің (Орал) М.Абдоловтың жорық жолдары туралы көлемді очеркі де енген «Жайықтың жарық жұлдыздары» атты кітабы бар. Автор Ұлы Жеңіс сарбаздарына арналған келесі кітабымен жұмыстанып жүргенін конференцияда әңгімелеп берді.

DSC_0188Аудан Алаш қозғалысының 100 жылдығына «Ақжайықтағы Алаш іздері», «Ақжайықтық Алаш арыстары» атты кітаптарды да шығарды. Осының бәрі жас ұрпақ тәлім-тәрбиесінің әлеуетін еселеді. Осындай істі қанаттандыру жөнінде жоспар да, мақсат та айқын. Жерлес ақын, ғалым, майдангер Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығы да өткен күзде мән-мазмұнды өткізіліп, халықтың көңілін бір серпілтті.

Тарихшы-журналист, Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырхановтың ІІ дүниежүзілік соғысқа байланысты індете зерттейтін жайттар жетіп жатқанын жанды мысалдармен әңгімелеуі конференцияға қатысушыларды ерекше толқытты. Иә, кезінде ізделмей, іздесе де титтей дерегі табылмай кеткендер қаншама... Батырханов 2010 жылы шыққан «Жаралы жылдар жаңғырығы» атты кітабында, сондай-ақ баспасөздегі мақалаларында көптеген жайтты қамтып, соғыста хабарсыз кеткендерді, боздақтарды Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архиві арқылы анықтауынан еліміздің біраз жеріндегі әулеттердің күрсінісін сейілтті. Ол зерттеуін үзбей жалғастырып келеді. Бұрын-соңды айтылмаған 17 қазақ ұшқышы немесе Кеңес Одағының Батыры атағына, үлкен наградаларға ұсынылып, бірақ соны ала алмай қалғандар туралы оның қолында мәліметтер аз емес. Иә болмаса, тек осы Ақжайық ауданынан майданға аттанып, дұшпан тұтқынында болған, сүйектері жат жерде қалған 26 сарбаз жайында дерек жинастырған.

Тек төрт жылмен шектелмейтін Ұлы Отан соғысының ашылмаған аралдары, құпиясы аз ба деңіз.

Шара Жайықтың жағасында, жасыл желек қойнауында жалғасты. Мұнда ақжайықтық көркемөнерпаздардың сахналық қойылымдары, ән-жыры өрлікпен өрілген сонау отты кезеңді жаңғыртты.

М.Абдоловтың 100 жылдығына арналған ерлік сабақтары, зерде сағаттары ауданда жалғасу үстінде.

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале