14.01.2021, 12:21
Оқылды: 67

Ақжайық ауданында округ әкімдері есеп бере бастады

Мемлекет басшысының 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдерінің ұлттық жоғарғы оқу орындарының ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығын іске асыру мақсатында Ақжайық ауданында округ әкімдерінің елді мекендердегі есепті кездесулері басталды.

IMG_8787

Осы орайда алғашқылардың бірі болып Алғабас ауылдық округінің әкімі Темірболат Есенғалиев Жаңажол ауылының тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражов қатысты. Барлық кездесулердің Батыс Қазақстан обылысы мемлекеттік санитариялық дәрігерінің  қаулысы негізінде санитариялық талаптарды сақтай отырып өткізілгендігін атап өткен жөн.

Алдымен тұрғындар алдында өткен жылы округте атқарылған жұмыстар жөнінде ауыл әкімі Т.Есенғалиев баяндама жасады.

Қазіргі таңда 5 елді мекенде 427 аула, 542 отбасы, 36 қыстақ бар. Ауыл шаруашылығына келетін болсақ, ірі қара малы 8073, қой-ешкі 26576, жылқы 3239, түйе 19 басты құрайды. 74 шаруа қожалығы, 24 жеке кәсіпкерлік нысаны тіркелген.

Негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, малдың асылдануына көп көңіл бөлінген. Шаруа қожалықтары биыл 66 асыл тұқымды бұқа мен 100 қошқар сатып алған. Қожалықтар лизингке 3 дана МТЗ-82 тракторы,1 дана шөп шапқыш, 3 дана күн сәулесімен қуаттанатын панель сатып алып, бір қожалық электронды бақташы қондырғысын орнатты.

Жылдың алғабастықтарға берген сыйы – өткен жылы округ орталығындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жаңғырды. Арнайы бағдарлама аясында ауыл тұрғындары мұндағы жөндеу жұмыстарына тартылып, уақытша қызметпен қамтылды. Ал «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 12 ай ішінде 3 адам оқуға жіберілсе, 16 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 8 отбасыға (43 адам) 2 млн 813 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген. Былтыр 3 кәсіпкер 13 млн теңге несие алып, 11 адам қайтарымсыз грант алып, кәсіп негізін қалады.

Округ елді мекендеріне ауыз су құбырлары алғаш 2006 жылы «Таза су» бағдарламасымен жеткізіле бастаған. Бүгінде Алғабаста 219 үйдің 195-іне, Тегісжол елді мекенінде 10 үйге су кіргізлген. Биыл Жаңажол, Тегісжол, Қарағай елді мекеніне көгілдір отын жеткізілген.

Өткен жыл қорытындысын баяндаған округ әкімі биылға межелеген жоспарларымен де бөлісті. Биыл Алғабас ауылында жаңа саябақ ашып, жарық шамдарды жаңалау, техникалық су желісін жүргізу жоспарда бар.

Жиында сөз алған аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов округте атқарылған істерге оң баға берді. «Талай жылдан бері жыр болған жолдың да мәселесінің түйіні тарқар күн жақын. Биыл қыркүйек айында басталған тас жолдың құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Дәл қазір 38 шақырым жолдың бүгінде 8 шақырымы жасалып тұр», - деді аудан басшысы.

Тұрғындар да өз тарапында көкейлеріндегі сұрақтарын ортаға салды. Округпен екі ортаны жалғайтын 18 шақырымдық жолдың жайы мен мал суаратын су арналарын тазарту мәселелері сөз болды.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале