23.02.2018, 14:21
Оқылды: 91

Ақжайық ауданында «Сағат жырының сыңғыры» атты байқау өтті

 

Поэзия әлемінде өзіндік өлең өрнегімен із қалдырған, қазақтың Қадырінің, Қадыр Мырза Әлінің қошеметіне бөленген Сағат Әбдуғалиев егер арамызда жүрсе, 70 жасқа толар еді. Ақжайық ауданының Тайпақ ауылының түлегі болып табылатын оның «Құлыншақ көктем», «Көзайым келешек», «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты жыр-жинақтарын жұрты сүйіп оқиды, Сағатын сағынып оқиды.

Аяулы шайырдың поэзиядағы қолтаңбасын жас буынға насихаттау мақсатында Ақжайық орталық модельді балалар кітапханасында мектеп оқушылары арасында мәнерлеп оқудан «Сағат жырының сыңғыры» атты байқау ұйымдастырылды. Өмірге деген кіршіксіз сезімнің қайнары болып табылатын жырлардың иесі, жапырақтың дірілінен сыр ұққысы келген Сағат туралы ақындар Үзілдік Елубайқызы, Тілес Жазықбай және Сағынтай Бисенғалиевтің естеліктері ұл-қыздарды ерекше толқытты. Шығармалары өмірдің өзіндегідей табиғи ақынның көптеген шығармасынан оқушылардың хабардар болуы да сүйсінтті. Мұны байқау сөзсіз көрсеті. «Автобустағы айқас немесе туған тіл» атты өлеңнің бүкіл бояуын жеткізе білген Абай атындағы мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Қошай Хансұлтан бас жүлдені жеңіп алды. І орынды Айару Әділ (5 сынып, «Кіндік жұрт-Қазақстаным»), ІІ орынды Инабат Төлеген (3 сынып, «Жетібайдағы жаңбыр») иеленді. Айта кетейік, бұл екеуі де аталған білім ұясынан болып табылады. ІІІ орынды Чапаев №1 орта мектебінің 4 сынып оқушысы Жұмабай Арсен («Түйін-тілек») алды.

– Арқалы ақынның өмірі міне, өнерімен, өлеңмен жалғасуда. Оның жетпіс жасына арналған дәрістер, кездесулер жалғаса бермек,-дейді аталған балалар кітапханасының меңгерушісі Аида Жоламанова.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале