19.03.2019, 18:01
Оқылды: 31

Ақжайық ауданында «Ұлы дала аруы» атты байқау өтті

Байқауда бақ сынаған жеті бойжеткен хал-қадірлерінше дайындалып келген. Алдымен олардың қолөнер бұйымдары тамашаланды. Мысалы, мергендік Ариана Серік сәукеле, кеудешелер, босаға тұмарларын тігіп әкелген. Ақсуаттық Гүлнұр Темірова түрлі-түсті жіптерден жұмсақ ойыншықтар тоқып, моншақтардан гобилен жасаған. Ал Тайпақ ауылынан келген Аружан Ержанова мата-моншақтан түрлі гүлдестелер, ұлттық киімдегі қуыршақтар жасаудың шебері екен. Атамекендік Нұрсәуле Әбілпейсова матадан зергерлік бұйымдар сақтайтын қобдиша, ою-өрнектің түр-түрін кестелеген.

DSC_0078

         Екінші бөлім «Ұлы дала мәдениеті» деп аталды. Мұнда қатысушылар сахнада тарихи шығармалардағы әйел-ана, қыз бейнесін сомдады. Чапаевтық Сайран Дүйсенбайқызы мен тайпақтық Аружан Ержанова Шыңғыс Айтмановтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романынан үзінді, ақсуаттық Гүлнұр Темірова «Соқырдың монологы», атамекендік Нұрсәуле Әбілпейсова Желтоқсан оқиғасына қатысты монолог, жаңабұлақтық Қазына Файзуллина, мергендік Ариана Серік «Мен Мәншүкпін» жырын, тайпақтық Алтын Қайырғалиева Оралхан Бөкейдің «Жетім Ботасынан» үзінді оқыды. Осы орайда айта кететін бір жайт, байқауда жыл сайын қайталанатын шығармалар бар. Мысалы, «Соқыр қыздың монологы», «Жетім қыздың монологы» іспеттес әбден жауыр болған қойылымдар. Яғни, осындай шараларға қатысушыларға ізденіс керек-ақ. Сахналық қойылымның реті осы екен деп, жыл сайын бір тақырыпты қайталай беруге болмайды. Аружан Ержанованың «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы «Найман ана» аңызынан үзінді сомдауынан ізденімпаздығы көрінді.

         Қатысушыларға дәстүр-салтымыздан түрлі сауалдар қойылды. Соның ішінде «Ерулік беру», «Иткөйлек кигізу», «Бәсіре», «Ашамайға мінгізу» сынды жоралғылардың мән-мағынасы сұралды. Бір қуантарлығы, ешқайсысы да бұл сыннан сүрінген жоқ.

         Арулар ұлттық тағамдар дайындау бойынша да сынға түсті. Олар ұлттық дәмдердің түр-түрін ұсынды. Бойжеткендер сән үлгісін көрсетіп, байқауды қорытындылады. Өз талғамдары бойынша тіктірген, қазақы нақышта пішілген көйлектер көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, Қазына Файзуллина мен Нұрсәуле Әбілпейісованың сонау сақ заманын жаңғыртқан ерекше киімдері назар аудартты.

         Қорытындыда Жаңабұлақ ауылының қатысушысы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факуьтетінің студенті Қазына Файзуллина «Ұлы дала аруы» атағын, бас жүлдені жеңіп алды. Қазынаның ауданның мәдени-көпшілік шараларына атсалысып жүрген белсенділігін көпшілік жақсы біледі. Көркемсөз оқудан алдына жан салмайтын оның ақындығы бір төбе. І орынды тайпақтық Қ.Байсықов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Аружан Ержанова, ІІ орынды Чапаевтағы М.Әуезов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Сайран Дүйсенбайқызы, ІІІ орынды Тайпақтағы мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Алтын Қайырғалиева еншіледі. Басқа да арулар түрлі аталымдарға ие болды.

DSC_0093 DSC_0124

Бекболат Қаленов,

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале