22.06.2018, 15:15
Оқылды: 38

Ақжайық ауданында үшінші жеке балабақша салынуда

DSC_0026Ақжайық ауданында кәсіпкер Әлия Шоқанова Чапаев ауылында 100 орындық балабақша ашу жұмысымен айналысуда. Құрылысы мамыр басында басталған ғимаратта 5 құрылысшы еңбек етіп жатыр. Екі бөліктен тұратын нысан сәбилерді төрт топ бойынша тәрбиелеуге арналады. Жалпы аумағы 277 шаршыметрді алып жатқан құрылыстың барлық шығыны 60 млн.теңгеге жуық.

Ойын залы, жатын бөлмелері соңғы үлгі бойынша безендіріліп бола келді. Мұнда үштілділікті оқыту қолға алынбақ. Келешекте робот техникасы үйірмесін ашу да жоспарда бар. Бүлдіршіндер ордасына тәрбиеші, бала күтуші, аспаз, кіші қызметкерлерді қосқанда 15 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Осындай басқа мекемелерден бір ерекшелігі бүлдіршіндер кешкі сағат сегізге дейін тәрбиешілердің қарауында болады. Бұл жұмысбасты ата-аналар үшін тиімді болғалы отыр. Сондай-ақ кәсіпкер Ә.Шоқанова болашақта балаларды үйінен тасымалдау да ұйымдастырылатынын айтады. Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай мекемеге «Астана» атауы берілмек. Бұл аудан бойынша жекешенің иелігіндегі балабақша болмақ.

Әлия Серікқызы 15 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып келе жатқан жан. Аудан орталығында «Төрехан» тойханасы да көпшілікке қызмет көрсетіп келеді. Ол осы 100 орындық балабақшаны болашақта 250 орындық тәрбие ордасына айналдырғысы келеді.

Айбын ӘЛИ

Ақжайық ауданы

Чапаев ауылы

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале