1.10.2018, 11:00
Оқылды: 52

Ақжайық ауданында зерде туриадасы өтті

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевтағы «Ақжайық» балалар сауықтыру кешенінде ардагер ұстаз, мемлекеттік қызметтің ардагері Әбухан Малдыбаевты еске алуға арналған аудандық зерде туриадасы ұйымдастырылды. Шараға ауылдық округтерден 17 команда қатысты.

aqjaiyq (2)

            Жәнібек ауданында 1948 жылы дүниеге келген Әбухан Өтешқалиұлы Оралдағы А.С.Пушкин атындағы пединституттың география-биология факультетін тәмамдағаннан кейін Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектепте мұғалім, мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1998-2011 жылдары Ақжайық ауданының Есенсай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, қарымды ісімен халықтың қошеметіне бөлінді. Ол бүкіл еңбек жолында дене тәрбиесі, спорт, туризмді өркендетуге де сүбелі үлесімен алысқа танылды. Айталық, Ақжайық ауданында туризмнен аудандық, облыстық слеттерді ұйымдастыруға, командалар құрамын жасақтауға белсене атсалысты.

            Аталған еске алу шарасының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Тимур Шиниязов, аудандық туризм орталығының басшысы Максим Үмбетәлиев, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев Ә.Малдыбаевтың ауыл-елге сіңірген еңбегі жайында естеліктерімен бөлісті. Ақын Сағынтай Бисенғалиев абзал ағаға арнаған жырын оқыды.

            Екі күнге созылған сайыста командалар далалық дастарқанның ас-суы, плакаттар байқауларында, сәндік қолданбалы өнерден, туристік түрлі дағдылардан сынға түсті. «Аспалы өткел», «Маятник», «Қырықаяқ», «Өрмек» бөлімдері бойынша кедергілер мен туриадалық сынақтар өте тартысты өтті. Айталық, дастарқан мәзірі байқауы бойынша Есенсай, плакаттар байқауынан Мерген, сәндік қолданбалы өнерден Алмалы ауылдық округі, туристік-техникалық қашықтықтан Бітік мектебі (Қабыршақты ауылдық округі), туристік тұрмыстық дағдыдан Харькин мектебі (Тайпақ ауылдық округі) командасы І орынды иеленді. Жалпыкомандалық есепте тайпақтық команда жеңімпаз атанды.

            Ал волейболдан жарыста қабыршақтылықтар бас жүлдеге ие болды. Балауса Құбашева (Алмалы) үздік шабуылдаушы, Айша Қайсақова (Қабыршақты) үздік қорғаушы, Меңдігүл Ақтаева (Тайпақ) үздік ойыншы атанды. Туриаданы ұйымдастырып, өткізуге белсене атсалысқан ауылдық округ әкімдері, мектеп басшылары қошеметтелді.

Нұрхат МАҒЗОМОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

aqjaiyq (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале