4.05.2018, 11:58
Оқылды: 54

Ақжайық ауданында «Жас мергендер» әскери-патриоттық сайысы өтті

Ақжайық ауданының Есенсай ауылдық округінің орталығында 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне және Кеңес Одағының Батыры Михаил (Беймағамбет) Абдоловтың 100 жылдығына арналып оқушылар арасында «Жас мергендер» әскери-патриоттық сайысы өтті.

Шарада БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті басқармасының басшысы Мақсат Мұқанов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Мейрам Шотанов болды.

Тұрғындар, жанкүйерлер әскерге дейінгі жастардың арасындағы қолданбалы спорт түрі бойынша бұл бәсекелерді қызыға тамашалады. Жарыс өрендердің жан-жақты жетілуі, әскери қызметке бейімделуі мақсатын көздеді. Аудан ауылдарынан 10-11-сынып оқушыларынан 50-ге жуық ұл-қыз сынға қатысты.

Сарытоғай мектебінен Нұршат Қадыр мен Гүлжанат Ұзақбай автоматты бөлшектеп жинаудан, Талап орта мектебінен Думан Хамитов белтемірге тартылудан, Сарытоғай орта мектебінен Дарын Қуанышұлы мен Қ.Байсықов атындағы орта мектептен Арғын Хамидуллина пневматикалық винтовкадан нысана көздеуден, Бударин мектебінен Дамир Отарбаев химиялық шабуылдан қорғаныс киімін жылдамдыққа киюден үздіктер қатарынан көрінді. Ал жалпыкомандалық қорытынды бойынша І орынды Бударин орта мектебі жеңіп алды. ІІ орынды сарытоғайлықтар,  ІІІ орынды М.Әуезов атындағы орта мектеп өкілдері иеленді.

Сайыстар барысында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерінің де жұмыстары сараланды. Олардың арасынан Альберт Есқайыров (Ж.Молдағалиев атындағы орта мектеп) «Үздік жетекші», Нұғман Мырзағалиев (Есенсай орта мектебі) «Үздік ұйымдастырушы» аталымдары бойынша марапатталды.

Нұрсұлтан АСҚАР

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале