27.08.2019, 18:33
Оқылды: 141

Ақжайық ауданындағы барлық мектеп интернет желісіне қосылды

Ақжайық ауданы орталығында дәстүрге сай «Білім және ғылым» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесі өтті.

IMG_5018

Одан бұрын аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудан орталығына, ауылдық округтерге білім, мәдениет, денсаулық сақтау салалары бойынша жұмысқа орналасып жатқан жас мамандармен кездесті.

Аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова, орталық аурухана директоры Дархан Хайрушев, білім бөлімінің басшысы Дәурен Нұрғожа қатысқан шарада жас кадрлармен емен-жарқын әңгіме өрбіді.

Аудан басшысының айтуынша, биыл ауданға білім саласы бойынша 9 маман, мәдениет саласына – 4 маман, денсаулық сақтау саласына – 18 маман келген.

Аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен тамыз кеңесі жиыны білім беру ұйымдары ұсынған көрмені тамашалаумен басталды. Мұнда аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, орталықтандырылған кітапхана ұжымы, аудан орталығындағы балабақшалар, балалар шығармашылығы орталығы жетістіктерін ортаға салды.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Лунара Батырғалиева қатысқан кеңес арнайы дайындалған бейнеролик тамашалаумен басталды. Жиында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов хабарлама жасады. Оның айтуынша, білім бөлімінің бюджеті өткен жылы 3,6 млрд. теңге болса, биыл 4,6 млрд. теңге. Саладағы жақсылықтарға тоқталсақ, құрылыс құны 1 млрд. 308 млн. теңгені құрайтын 300 орындық Абай атындағы мектеп гимназияның жаңа ғимараты мен 100 орындық интернаты бой көтеруде. «Алтим» құрылыс компаниясы мердігерлік ететін заманауи білім нысаны 2020 жылдың ІІ жартысында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Чапаевтағы №1 орта мектептің, «Ақбота» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 8 млн. 101 мың теңгеге аудан мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай игіліктер ауданымызда жылма-жыл жүзеге асып келеді. Айталық, былтыр екі қабатты, 198 орындық Харькин орта мектебі жаңадан салынса, биыл сол білім ұясына су жаңа «УАЗ» автокөлігі табысталды.

Оқушылардың білім сапасын, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылып, аудан мектептері көп тілді білім беру платформасы «Bilim Media» инновациялық компаниясының ресурстарына қосылды. Сонымен қатар ауылдық шағын жинақты мектептердегі оқушылардың сапалы білім алуы мен олардың заманауи сауаттылығын арттыру, инженерлік-техникалық ойлау дағдыларын қалыптастыру бойынша бірқатар қадамдар бар. Ұл-қыздардың ғылыми жобалармен жұмыс жасауға, сандық технологияны тез әрі жетік меңгеруге ықпал жасау мақсатында «Nur Otan» партиясы Ақжайық филиалының бастамасымен М. Әуезов атындағы орта мектепте ІТ сынып ашылды. Өткен оқу жылы электронды күнделік жүйесіне 8 мектеп қосылса, биыл 25 мектеп қосылды. Биылдан бастап аудандағы барлық мектеп интернет желісіне 100 пайыз қосылып, 1-сыныпқа қабылдау және мектептен мектепке ауысу автоматтандыру жүйесіне енгізілді. Сонымен қатар 18 мектепке жергілікті бюджет есебінен WI-FI құрылғылары алынып, ғаламторға еркін шығуға мүмкіндік жасалды.

2018-2019 оқу жылы 6431 оқушымен басталып, 6418 оқушы оқу жылын аяқтады. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 61,9 пайызды құрады. Үздіктер саны-1597, оқу екпінділері-2378, үлгерімділер саны-2447. Осы жылы мектеп бітірген 418 түлектің 29-ы «Алтын белгі» иегері атанды. 300 түлек ҰБТ-ға қатысып, сынақ қорытындысы 77,2 балды құрады. Өткен оқу жылында 76,94 пайыз болған еді.

Аудан басшысы мұғалімдер біліктілігі мен жетістіктері, оқушылардың ыстық тамақпен, жазғы демалыспен қамтылуы, қосымша білім беру бойынша жетістіктерді саралады. Аталған салада баршаны асқан жауапкершілікпен тыңғылықты іс атқаруға шақырды.

Шара барысында Бударин ауылдық округінің әкімі Шоқан Мұсағалиев, Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің директоры Айша Қайсақова, ата-аналар атынан көпбалалы ана Лариса Сатыбалдиева сөз сөйлеп, білім мен тәрбие хақында ой-толғамдарымен бөлісті. Сонымен қатар жас ақын, жаңа оқу жылынан Ж. Молдағалиев атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметіне орналасып жатқан Асылайым Абатова жүрекжарды тілегін арнады.

Бекболат Қаленов,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале