7.08.2017, 16:34
Оқылды: 21

Ақжайық ауданының 8779 га жері жанып кетті

Биылғы жылдың жеті айында Ақжайық ауданы даласында 34 өрт оқиғасы тіркелген.


Атап айтқанда, Алғабас, Жаңабұлақ, Қабыршақты, Базаршолан, Сарытоғай, Мерген, Қарауылтөбе, Алмалы, Тайпақ, Базартөбе ауылдық округтерінде барлығы 8779 га көлемінде жер жанып кетті. Жемшөпті дайындау қызу қарқын алуда, ал бірқатар шаруашылықтар өрттен сақтану шараларын алмай отыр. Науқан басталғанға дейін жемшөпті өрттен сақтандыру шараларын алу жөнінде айтылғанмен, бұған тиісті мән бермеуде.

Шөп шабуда және жемшөп тасуда жүрген барлық ауыл шаруашылығы агрегаттары ұшқын сөндіретін және өрт сөндіретін құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Жемшөп дайындауда, тасуда жүрген адамдар міндетті түрде өртке қарсы нұсқаудан өтулері керек. Далада, дала қостарында жөндеу және темір дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы режимнің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе пішен қоры сақталатын орындарға ерекше көңіл бөлген жөн.

Пішен маялау ережесін сақтаудың маңызы зор. Бір мая пішен сақталатын алаң 300 шаршы метрден, ал тайлап буылған пішен мен сабан сақталатын алаң 500 шаршы метрден аспауы керек. Әрбір үйілген қатарлардың ара қашықтығы 20 метрден кем болмауы керек. Қатарлар мен маяларды парлап орналастырғанда аралары 6 метрден, ал көрші парлар кемінде 3 метрден кем болмайды.

Пішен сақтайтын жерлердің аумағында жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы техникаларының түтін шығатын тұрбалары мен басқа да жүйелері мұқият жөнделіп, электрмен жабдықталып, ұшқын сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі тиіс. Пішен қоймаларында өртке қарсы қатаң режим, сенімді күзет орнатылып, оған бөтен адамдардың, әсіресе балалардың кіруіне жол бермеу керек. Осы шаралардың барлығын орындағанда біз дайындалған жемшөптің толық сақталуын қамтамасыз етеміз.

БҚО ТЖД Ақжайық ауданының

       Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері

     азаматтық қорғау лейтенанты Р.Ш. Қашқынбаев

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале