29.10.2018, 11:45
Оқылды: 107

Ақжайық ауданының 90 жылдығына орай конференция өтті

Ақжайық ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай конференция ұйымдастырылды.

90 (2)

         Шараға жиналғандар Жұбан Молдағалиевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жауынгер ақын рухына тағзым етті. Сосын «Мерей» мәдени-демалыс орталығында мәртебелі меймандар алдымен аудандық орталықтандырылған кітапхана мен аудандық мұрағат ұйымдастырған өлке тарихын баяндайтын көрмемен танысты.

         Конференция аудан тарихынан жан-жақты мағұлмат беретін бейнебаянмен басталды. Сахна төрінен сөз алған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жиналғандарды аталған датамен құттықтады.

         -Жұбан еліндегі бүгінгі бас қосуымыз тұңғиық тарихымызға тағы бір тереңірек бойлау мақсатында өткізіліп отыр. Ұлы мәртебелі Тәуелсіздігімізді тұғырландыра түсу үшін кешегі мен бүгіннің сабақтастығы бізге ауадай қажет-ақ. Әрине, ауданның кешегісін тереңірек білу мақсатында егемендіктің ақ таңы атқаннан бері азаматтарымыз қыруар іс атқарды,- деген ол ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы аудандастыру кезеңінен бүгінге дейінгі аралықтағы Ақжайықтың әлеуметтік-экономикалық дамуын, білікті аудан басшыларының еңбегін тілге тиек етті.

         Конференция мінберінен тарихшылар арасынан бірінші болып сөз алған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті тарих және әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин «Жайық тарихы – отаршылдыққа қарсы азаттық күрес тарихы» атты баяндама жасады. Жайық өзенін жағалай қонған елдің қазақ тарихында ерекше орын алатынын, Орталық Азиядағы жарқын әрі тағдыры қайшылыққа толы көсем, Кіші жүз ханы Әбілхайыр сынды даңқты тұлғалардың ерен еңбегін сөз еткен ол Ақжайық ауданының өзіне тән тарихи-географиялық ерекшелігін әңгімеледі.

         Ұлы Отан соғысы жылдары ерлермен бірге майданға аттанған, көпшілігі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін белгілі болған қазақ қыздары туралы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дүниежүзілік тарих және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева «Ұлы Отан соғысына қатысқан Ақжайық ауданының қазақ қыздары» атты баяндамасында кеңінен тоқталды. Мысалы, «Қызыл Жұлдыз» орденінің, «Ерен ерлігі үшін» медалінің иегері, мерген қыз Әлима Ғабдушева бірінші Балтық майданында қаһармандық көрсеткен. Ол 1946 жылы соғыстан аман оралып, еңбекке араласқан. Қазір ұрпақтары ауданның Базартөбе ауылында тұрады.

         Елбасына күн туғанда байланысшылар - базартөбелік Қаным Алмағамбетова мен тайпақтық Үмітай Есқалиева соғысты Солтүстік Кореяның Хедзио қаласында аяқтап, елге аман-есен оралған. Бұл жауынгер қыздардың атақ-даңқы ешкімнен де кем емес.

         М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дүниежүзілік тарих және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов ауданының құрылу тарихынан көлемді баяндама жасады. ХХ ғасырдың басындағы мемлекеттің ішкі құрылымының сан түрлі өзгеріске ұшырауы аудан тарихына да елеулі өзгерістер әкелді. Саялбек Махамбетұлы осы тұрғыдан көп мәлімет айтты. Мысалы, Ілбішін (қазіргі Ақжайық ауданы) аумағы 12900 шаршы шақырымды құраса, сол кездегі тұрғындар саны 16935 адам болған. Соның 4225-і ғана қазақ ұлтынан немесе 25 пайызды құраған. ХХ ғасырдың екінші ширегінде ауданда мал шаруашылығымен қатар балық шаруашылығы жақсы дамыған. Оған дәлел 1926 жылы тұрғындар Жайық өзенінен 20734 центнер балық аулаған. Сонымен қатар егін шаруашылығы солтүстік бөлігінде ғана қолға алынып, ауданның жалпы егіс алқабы 9297 гектарды құраса, 7113 гектарға – жаздық бидай, 878 гектарға – тары, 1306 гектарға өзге де дәнді-дақылдар егілген.

         Мал санына келер болсақ, сол 20-шы жылдардағы жалпы төрт түліктің саны – 53872 бас болған. Оның 1 145-і жылқы, 30 945-і ірі қара, 19 447 бас қой-ешкі, 849 түйе болған. Тарихшы сол кездегі әлеуметтік нысандардың құрылу тарихына да арнайы тоқталды.

         Ауданның Құрметті азаматтары Ғазез Хаймулдин, Әленғали Кереев, Дәулетжан Жақсыбаев, М.Әуезов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Алдаберген Сәрсеков құнды деректер, еңбегі алысқа мәлім тұлғалар жайында естелік айтты. Мынадай деректер айтылды: 1917 жылғы санақта Орал облысында 33 мешіт болса,соның 25-і Ақжайық ауданы аумағына тиесілі болған. Сол кездегі Ислам дінін толық меңгерген үш шейхтің бірі – Мәулімберлі хазірет. Міне, осындай тұлғалармен қатар сөз алғандар Жұбан Молдағалиев, Құрман Байсықов, Мақсот Табылдиев, Нұрлан Темірғалиев сынды атағы алысқа кеткен даңқты жандар жайында әңгіме өрбітті.

         Құрайлысайлық қазыналы қарт Наурызғали Әбілхайыров Жұбан ауылы аумағында өмір сүрген Жетпіс балуан туралы айтты. Ол Орынбор қаласында патшаның мықты деген үш бірдей балуанын жер жастандырады. Жеңісінің ақысына қандастарына Жайықтың сол жақ жағалауынан жайлы жер сұрапты. Наурызғали аға ұрпағы үшін ұмытылмас із қалдырған балуан туралы зерттеулердің әлі де кемшін екенін айта келіп, мұны тарихшылардың назарына қойды.

         Еңбек ардагері Ғиззат Ихсанов 1869 жылы орын алған «Өлеңті» көтерілісі жайында деректер айтты. Зейнеткер Балғаным Кәкімова аудан орталығының тарихын тереңнен қозғады.

         Тарихқа қызығушылық танытқан жас буын өкілдері ауданымызда жоқ емес. Алдыңғы толқын өкілдерімен бірге мінберден сөз алған М.Әуезов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Әсемгүл Жұмаева аудандық газеттің әр жылдардағы санынан Ұлы Отан соғысына қатысты деректерді ортаға салды.

90 (3)

90 (4) 90 (5) 90 (6) 90 (7)

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерті түсірген Нұрбек ИХСАН

 

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале