22.09.2019, 17:01
Оқылды: 216

Ақжайықта Ақұштап ақынның мерейтойы аталып өтілді

Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында ақын Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойы аталып өтті.

WhatsApp Image 2019-09-22 at 12.21.52-800x533

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасы облыс орталығында басталып, ақынның туған жерінде жалғасты.

WhatsApp Image 2019-09-22 at 12.21.53 (1)-800x533

Ақжайық төрінде киіз үйлер тігіліп, дала төсі думанға толды. Теректіліктер ақынын ардақтап, құрмет көрсетті. Шара Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры әртістері сахналаған қойылыммен басталды. Режиссер Самал Әбуов дайындаған қойылымнан соң, «Оралдың ерке самалы» әуеледі. Теректінің ыстық ілтипаты ретінде ақынға гүл шоқтары табысталды.
Сахна төріне көтерілген БҚО әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, аудан әкімі Әділ Жоламанов ақын апамызға жылы тілектерін білдірді. Туған жерінің ыстық махаббатын сезінген Ақұштап Бақтыгереева толқыды.

WhatsApp Image 2019-09-22 at 12.22.23-800x533

-Бүгін нұр жауып тұр. Жаңбырдан соң аңқыған жусанның иісі, мына жатқан сайын дала, анау қыр, мынау төбе, бәрі-бәрі менің жадымда, өне бойымда. Мен толқып тұрмын. Намыссыз ұлды көргенде жылаймын, ұятсыз қызды көргенде жылаймын, шаранасынан безінген ананы, ұрпағын далаға тастаған әкені көргенде жылаймын. Жайықта қырылған балықты көргенде жылаймын. Ал бүгін мен қуанып тұрмын. Туған жерім алақанына салып әлдилеуде. Ақынға бұдан басқа қандай бақыт керек?! Баршаңызға рахмет. Осы тойды ұйымдастыруда басы-қасында жүрген азаматтарға алғысымды айтамын,-деді ақын.

WhatsApp Image 2019-09-22 at 12.21.41-800x533
Алматыдан арнайы келген құрметті қонақтар, атап айтсақ «Алаш» әдеби сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері, иісі қазаққа танымал сатирик Көпен Әмірбек, жазушы, журналист, мәдениеттанушы Сара Ләтиева құттықтау сөз сөйледі.

WhatsApp Image 2019-09-22 at 12.22.43 (1)-800x533
Ақын мерейтойына орай республикалық әдеби жыр байқауы ұйымдастырылған. «Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» атты байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін сахна төрінде Ақұштап Бақтыгереева марапаттады.
Әдеби байқаудың бірінші аталымында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас ақындар Ақұштап Бақтыгерееваға арналған өлеңдерін жолдауы тиіс-тұғын. Өңірімізге танымал ақын Ғайсағали Сейтақ, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитов және Теректі аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев бар қазылар алқасы 20-дан астам жас таланттардың өлеңдерін сараптап, бағаларын берген берді. Нәтижесінде арнау бағыты бойынша Бас жүлде «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық – саяси газетінің тілшісі Әділет Орынбасаровқа бұйырды.

WhatsApp Image 2019-09-22 at 12.22.01(1)-800x533

Мүшайраның І орынын облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маманы Дәурен Шамұратов еншілесе, ІІ орын Ақжайық ауданындағы «Жайық таңы» газетінің тілшісі, айтыскер ақын Бекболат Қаленовке бұйырды. Ал ІІІ орынды Казталов ауданынан келген жас ақын, кітапханашы Мөлдір Ғазизова жеңіп алды.

WhatsApp Image 2019-09-22 at 12.22.18-800x533
Байқаудың екінші аталымы, яғни ақын апамыздың өлеңдерін оқып, арнайы видеоролик жасау бағыты бойынша І орын теректілік Дильназ Мұрат, ІІ орын Шыңғырлау ауданының намысын қорғаған Дархан Мақсотов, ІІІ орын бәйтеректік Виктория Борзенковаға бұйырды. «Жайықтан ұшқан аққу - жыр» аталымы бойынша, яғни Ақұштап Бақтыгерееваның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған әдістемелік-библиографиялық, инновациялық құралдар дайындауда Бөкей Орда ауданынан келген Орынгүл Мараловаға тең келер ешкім болмады. Тұғырдың екінші сатысынан Күләш Биғалиева (Жәнібек ауданы), үшінші сатысынан Дархан Қапатаева(Ақжайық ауданы) көрінді. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен ақшалай ынталандыруларға иеленді.
Ақын тойында дала қызықтары да болды. 24 шақырымға созылған аламанда «Қызыл жұлдызды» тізгіндеген Мейрамбек Зейнуллин (Шыңғырлау ауданы) қарсыластарға шаң қаптырды. Маңғыстаудан келген Айбек Жұбановтың «Байторысы» екінші, көктеректік Марат Мұхтаровтың «Нұрторысы» үшінші келді. 15 шақырымға созылған топтық бәйгеде Асхат Аманбаевтың (Теректі ауданы Ақжайық ауылы) «Жұмбақторысы» бірінші боп мәрені кесті. 9 шақырымдық құнан бәйгеде ауданымызға қарасты Рыбцех ауылынан келген Бақытжан Сатыбаевтың «Абырой» атты сәйгүлігі нағыз жүйрік екендігін көрсетті. Жорғада аңқатылық Әділ Ахметов тізгіндеген Серік Ахметовтің «Сипроны» оза шапты.
Гір тасын көтеруде Ақжайық ауылының тұрғыны Исет Көшербаев білекті екенін көрсетсе, қазақша күресте шағандық Руслан Дүйсенғалиев жүректі екендігін көпшілікке мойындатты. Ал қой көтеруден Федоров ауылының тумасы Рауан Бүркітов қарсыласын шақ келтірмей, басты сыйды өзімен бірге ала кетті.
Ақын тойына Ақжайық ауданы да ортақтасып, киіз үй тігіп, ән-күйін бірге ала келгендігі қуантты. Сахна төрінде ақын апамыздың сөзіне жазылған әсем әндер орындалып, мектеп оқушылары мен аудандық мәдени-демалыс орталығы қызметкерлері Ақұштап Бақтыгереева өлеңдерін жатқа оқыды.

Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале