24.01.2018, 17:17
Оқылды: 53

Ақжайықта әлеуметтік бастамалар картасына 31 жоба енді

 

Ақжайық ауданының әлеуметтік бастамалар картасына құны 52 млн. 520 мың теңгенің 31 жобасы енгізіліп отыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласынан соң қолға алынған «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша Ақжайық ауданында өткен жылы 23 ірі шара өтсе, биыл бұл жиілей түспек.

Биыл ауданның әлеуметтік бастамалар картасына құны 52 млн. 520 теңгенің 31 жобасы енгізіліп отыр. Патриоттар форумдары, түлектер жүздесулері секілді шаралар ауқымды түрде жалғасады.

«Атамекен» кіші бағдарламсының «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты бойынша Тайпақ ауылында биылғы жобалар пысықталып, бекітілді. Айталық, бүгінде Оралда тұратын кәсіп иелері Иса Жарылғасов пен Жандос Айтмағамбетов бастап, күрежолдан Тайпаққа кіреберіс 3,5 шақырым жол бойын жарықтандыру жөнінде бағасы 7 млн. теңгеден астам жұмысқа ұйытқы болмақ. Сондай-ақ мұғалім Жасұлан Қауенов, кәсіпкер Дәурен Молдашев тал егілетін жерлердің қоршауын жүргізуді қолға алады. Ал кәсіпкер Бекет Мұстафиев, мектептің 1986 жылғы түлектері Бейімбет Шойынов, Жаннат Таскенов бастаған тұрғындар көрікті орындар мен ауылға кіреберісте арка (4500,0 мың теңге) тұрғызады. Енді бір жігіттер жолдар бойына аялдамалар салады.

Сонымен қатар Есенсай ауылында күрес үйірмесін ашу үшін азаматтар құны 1 млн. теңгеге жуық қажетті жабдықты алып келді.

Аудан орталығында спорт алаңына streetworkout құрылғыларын (1500 мың теңге) 1999 жылғы мектеп түлектері орнатып береді. Үш ауылда мұражай жасақталмақ. Бес ауылда саябақ жасақталса, төрт ауылда балалар ойын алаңы салынады.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале