24.09.2018, 12:00
Оқылды: 54

Ақжайықта әлеуметтік қызметкерлер байқауы өтті

Ақжайық ауданында бала жастан мүмкіндігі шектеулі және 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар жандарға, қарияларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер арасында «Менің әлеуметтік қызметім» атты аудандық байқау өтті.

IMG_6299

         Шарада облыс әкімі аппаратының инспекторы Светлана Аймұханова, аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Исқақова болды.

         Ауданда 1354 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың қиындығын барынша жеңілдетіп, қуаныштарына ортақтасып жүргендердің әрине, еңбегі ұшан-теңіз. Жеті ауылдық округтен байқауға келген 7 қызметкер атына шараның ашылуында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова шексіз алғысын білдірді.

         Бірнеше бөлімнен тұрған байқауда мәселен, мүмкіндігі шектеулілерге арба қанша жылға берілетіні, оған көмектің түрлері, олармен амандасып, тілдесе білу бойынша берілген сұрақтарды жеңіл-желпі деп айтуға болмас еді. Өздерінің еңбегіне қатысты сауалдарға ықыласпен жауап берген олар патриоттық тақырыпта ән шырқауда да, мәнерлеп оқуда да ізденістерін көрсете білді. Мысалы, көнеккеткендік Кенжегүл Хайырлиеваның «Атамекен», есенсайлық Нұрмира Қосанованың «Елімнің жүрегі - Астана» атты әндерін әуелетуі жиналғандарды ерекше серпілтті. Чапаевтық Клара Ділмұхамбетова «Жетім қыз», қарауылтөбелік Ақтоты Бозтаева «Мүгедек қыз», құрайлысайлық Қарашаш Жайжанова «Соқыр ана» монологын оқып, сахналағанда зал ерекше толқыды. Өлең-жырды мәнерлеп оқыған алмалылық Гүлжан Ахметова мен тайпақтық Майра Шамарованың да өнерге сүйіспеншіліктері ерекше көрінді. Жоғарыда аталған Кенжегүл Хайырлиеваның «Құдайға телефон соққан бала» монологы мен Майра Шамарованың «Әйгерім» кинофильмінен үзінді көрінісі де көрермендердің жанарларына жас үйірді. Барлық қатысушының сахналық қойылымдары жоғары бағаланды.

         Көнекеткендік Кенжегүл Хайырлиева байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен І орын иегері атанып, 50 мың теңгені иеленді. Алмалылық Гүлжан Ахметова ІІ орын (30 мың теңге), есенсайлық Нұрмира Қосанова ІІІ орын (20 мың теңге) еншіледі.

Нұрхат МАҒЗОМОВ,

Ақжайық ауданы

Суретте: байқау жеңімпазы көнеккеткендік Кенжегүл Хайырлиева

Суретті түсірген автор

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале