25.02.2019, 17:33
Оқылды: 117

Ақжайықта әнші, термеші Қайрат Кәкімовтің кеші өтті

Ақжайық ауданының орталығында ҚР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған әнші, термеші Қайрат Кәкімовтің концерті өтті.

 IMG_0940

         Қайрат Кәкімов - «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдегері, Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі.

         «Әсем әні асқақтап» деп аталған кешке лық толы зал жиналды. Бабадан мирас болып қалған ән-термеге сусаған халық тапжылмай отырып концерт көрді.

Дәстүрлі әнші ретінде даңқы алысқа жеткен Қ.Кәкімов 1976 жылы Сырым ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келген. Жастайынан ән өнеріне машықтанады. Бүгінде Батыс ән мектебінің белді өкілі. Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуарларды насихаттаушылардың бірегейі ретінде өнер сапарында желкен керіп келеді.

         Керемет кештің беташарын Нұрпейіс Байғаниннің сөзіне жазылған Ғарифолла Құрманғалиевтың «Еңбек туралы» термесімен бастады.

         Сондай-ақ кеш иесінің шашбауын көтере келген атыраулық жастардан құралған, Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуі де сәтті шықты. Олар «Қайран елім», «Әгугай» сынды халық әндерін де тамылжыта орындады.

         Қ.Кәкімов кеш барасында көп айтыла бермейтін әндерді де шырқады. Бұл оның қазақтың бай музыкасына терең бойлаған ізденімпаздығынан сөзсіз хабар береді. Қанапияның әні «Қанапия», «Шымыр», «Елу үш қыз», «Қыз Жаңғақ» сынды халық әндерін, Досат атаның «Босмойын», Ғарекеңнің «Жас өмір» атты туындыларын әуелетті.

         Қайраттың отбасы да өнерден жырақ емес. Мысалы, қызы Бақтоты Кәкімова әке жолын қуып, дәстүрлі ән, терме айтып жүрген үздік өнерпаздардың қатарында. Кеште Бақтоты Қайратқызы «Қарайкөзім», «Халаулім» басқа да халық әндерін шырқады.

         Кеш аяғында ақын Сағынтай Бисенғалиев әншіге арнаған жырын оқып, оған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың алғыс хатын табыстады.

IMG_0963

Бекболат Қаленов

Ақжайық ауданы

© zhaikpress.kz

 

Қайрат Кәкімов 1990 жылы ҚР халық әртісі Ғ.Құрманғалиевқа арналған республикалық ән байқауында бас жүлде, 1998 жылы республикалық І «Шабыт» фестивалінде лауреат, 2001 жылы ІV халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде, 2006 жылы М.Мерәліұлы атындағы республикалық ән байқауында, 2009 жылы Ғ.Құрманғалиевқа арналған «Жез таңдай, күміс көмей ән еркесі» атты ІІІ республикалық байқауда – бас жүлде иеленді. 2010 жылы өткен ән фестивалінің «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, 2012 жылы ҚР Мәдинет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2016 жылы «Қазақтың дәстүрлі әндері» атты 132 әннен құралған батыс өлкесінің жинағын шығарып, алты үн таспаға бастырды.

 

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале