6.02.2017, 15:45
Оқылды: 23

Ақжайықта асылдандыру ісі қарқынды дамуда

????????????????????????????????????

  Алыс-жақын өңірлер секілді, Ақжайықтың бүгіні мен ертеңі мал шаруашылығына байлаулы. Салада республикаға мәлім бірсыпыра межеге қол жеткізіп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Әділ Жоламанов тұрғындар алдында берген жылдық қорытынды есебінде баяндады.


  Мысалы, егер 2014 жылы қазақтың ақбас сиырын өсіретін небары 5 шаруашылық болса, қазір бұлардың саны 22-ге жетті. Аталған түліктің аталығын ауданнан тыс жерлерге сатуды әлдеқайда көбейтуге мүмкіндік жеткілікті. Асыл тұқымды жылқы өсіретін 5 шаруашылық бар.

  Салада селекциялық және асылдандыру ісіне қатысатын шаруа қожалықтарының саны артуда. Былтыр тұқымдық түрлендіруге 211 шаруа қожалығы мен 21 кооператив ірі қараның 15658 бас (алдыңғы жылдан 19,2%-ға артық) аналығымен қатысты. Жалпы, инвестициялық бағдарламаны қоса алғанда, қыр еңбеккерлері 1,2 млрд. теңге демеуқаржыға ие болды.

  Алайда алдағы жылдар ауыл шаруашылығымен айналысушылардың алдына тың міндеттерді көлденең тартуда.

  – Өткен кезеңде бізде ұсақ мал және ірі қара соятын кешендер іске қосылды. Әлбетте, ізденістің өрісін кеңейтуге тиіспіз. Ауылдарымызға сүт өнімдері, жұмыртқа, қысқы кезеңде көкөніс сырттан тасымалданады. Сондықтан биыл 20 мың құс өсірілетін тауық фермасын, аумағы 3000 шаршы метр жылыжай, сонымен қатар сүт өңдеу цехын салу жөнінде көзделген үдеден шығуымыз керек. Сөйтіп, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы жүктеген тапсырмаларға сай, серпіліс жасауға тиіспіз,-деді өз баяндамасында Ә.Т.Жоламанов.

  Ел Президенті өз Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіруге, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға қатысты қандай ерек міндеттер қойғаны көпшілікке мәлім. Аудан әкімі өз сөзінде осыған байланысты мүмкіндіктер көзі аз емесіне тоқталды.

  Ақжайық, мәселен, «Өрлеу» бағдарламасына республикада алдыңғылар қатарында кірісті. 58 отбасы (292 адам) соның нәтижесінде қосалқы шаруашылығына мал, құс сатып алды, өздерінің қалаулы кәсіптерін қолға алды. Бұрын атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларынан алған көмекті мақсатты түрде пайдалануын талап ету қиын еді, ал «Өрлеу» бойынша тағайындалған шартты ақшалай көмек нақты мақсатқа ғана беріліп, белсенді отбасыға айналдырады. Міне, осы тәжірибені байыта түсу керек. Бұл тиісті мекемелерге аса бір сынақ болып табылады. Ауылшаруашылық кооперативтерінің қатарын көбейтіп, нығайту жөнінде жұмыс та еш бәсеңдемеуі керек. Көп жылдық шөп алқаптарының көлемін ұлғайтуға  қатысты да солай.

Болат Қосжанұлы

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале