6.02.2017, 15:42
Оқылды: 27

Ақжайықта атқарылған іс ауқымды

????????????????????????????????????

  Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың қорытынды есебіне БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық мәслихат хатшысы  Мәлік Құлшар, облыстық басқарма, бөлімшелердің өкілдері қатысты.


  Ауданда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, толық ақпарат берген Әділ Жоламанов тиісті бөлім, буындардың тұрғындармен, кәсіп иелерімен байланыс жасай отырып, батыл бастамалардың жиі көрінуі талай нәрсені шешетінін айтып, ауыл-ел тағдырына қатысты басқа да мәселелерді саралады.

  Әкімнің есебінде айтылғандай, суармалы танаптарға жан бітіру өте көкейкесті, әлеуметтің үлкен бір тілегі болып табылады. Былтыр Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіндегі 5 арна мен 23 көлтабанның құжаттары, Ащы-Азынабай-Тайпақ арналарының жер актісі жасақталған.

  Бүгінде тұрғындардың 76,6%-ы таза сумен қамтылған, жұрт өтінішіне сай осы бағыт жалғасады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірнеше елді мекенге, сондай-ақ «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ақсуат ауылына таза су жеткізу басты назарда тұр.

  Рухани байлыққа қатысты істі әрине, басқа тірліктен бөле-жара қарап, кейінге ысыруға болмайтынын атап айтқан аймақ басшысы 2008 жылдан бері ауданның ғасырлар қойнауынан бермен шежіре-баянын энциклопедиялық үлгіде баяндайтын 9 басылым жарық көргендігін тілге тиек етті. Алдағы уақытта Ұлы Даламыздың қалың тарихына қосылған үлес Алаш қозғалысының арыстары туралы баяндайтын кітаппен толыға түспек.

  Қорытынды есеп мінберінен сөз алғандар атқарушы биліктің жұмысын бағалай келіп, еліміздегі, аймақ-атырабымыздағы жетістіктерге қуаныштарын жеткізді.

  Алғабастық  байырғы  шаруа Нәсіпқали Қайырқомов елді мекендерге көгілдір отын, таза су жеткізілуі  әлеуметтің тұрмысын түлете түскенін тілге тиек етті.

  Тайпақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғайнолла Садыров «Қайсыбір салада болмасын, қарымды қозғалысқа сөзсіз куәміз, облыс басшылығының қамқорлығын сезініп келеміз»,- деді. Ол өңірдің бір қиырында жатқан Тайпаққа жуырда облыс әкімі А.С.Көлгіновтің жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен жүздесуі өздерінің көңіл-хошын көтергенін ризашылықпен жеткізді.

  Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты Дәулетжан Жақсыбаев аудан орталығында көп жылдан бері ірі ғимарат құрылысы жүргізілмегенін, мысалы, жаңа балабақша әбден қажеттігін баяндады.

  Жылдың осы басты жиылысына қатысқан облыстық сот төрағасы Бек Әметов  дау-дамайды немесе болар-болмас кикілжіңді сотқа жеткізбей, бітімге келтірудің тәсілі болып табылатын «Медиация туралы» Заңға кеңінен тоқталып, ауылдарда мұны көбірек насихаттауға басшы-қосшылардан қолдау қажеттігін баса айтты.

  Облыс әкімінің бірінші орынбасары А.К.Өтеғұлов өңіріміздің өткен жылғы даму қорытындыларын, таяудағы ауқымды меже-міндеттерді баяндады. Қай салада болмасын, көңіл тоғайтар нәтижелер көрініп, ертеңгі табыстар үшін негіз қалануда. Мәселен, газдандыру басқа өңірлер қызығатын қарқынға ие. Автожолдар жайландырылуда, таза сумен қамтудағы «Ақбұлақ» бағдарламасы жүйелі түрде орындалуда. Су арналарының, тоғандардың жай-күйіне байланысты қозғалыс бар. Осы аудандағы Киров су қоймасынан бастау алатын Киров-Шежін тармағын жаңғырту да облыс әкімі А.С.Көлгіновтің ең басты бір қаперінде. Оны жөндеп, жаңалаудың екі кезеңі ойдағыдай мәреленді. Енді үшінші кезеңде 18  километр арнаны жаңадан қазу, басқа да қам-қарекет орындалады.

  Облыс әкімінің бірінші орынбасары атқарушы биліктің бүкіл қызметі тұрғындардың, еңбек ұжымдарының қолдауымен ғана жемісті болатынын айтып, жетістіктерді жоталандыру, олқылықтардан арылу әркімнен парасаттылықты, пайымдылықты талап ететінін айтты.

Болат Қосжанұлы

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале