1.06.2020, 10:12
Оқылды: 199

Ақжайықта Чапаев ауылын абаттандыру жұмыстары жалғасын табады 

Бүгінде Ақжайық ауданы орталығы – Чапаев ауылының ажары күн санап айшықталып келеді. Жергілікті тұрғындар мен келген қонақтар ауыл тынысында орын алған өзгерістерге өз бағасын беруде. Ал биыл іргелі ауылда абаттандыру тұрғысынан қандай игілікті істер орын алмақ.

2F396932-D97F-4451-B415-450E9A6DB3A3

«Жылдағыдай биыл да ауылымыздың көркін келістіріп, келбетін көп өзгертетін жұмыстар қолға алынады. Ауылда атқарылатын құрылыстардағы жұмысқа жұмыссыздар тартылуда. Есепті кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолы, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, кәріз жүйелерін жаңарту, жарықтандыру бағытында ірі жобалар жүзеге асады», - дейді ауылдық округ әкімі Нұртаза Нәбиденов.

Өткен жылы Есенжанов, Әбілхайыр хан, Меңдалиев және Ықсанов көшелеріне ұзындығы 2,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселіп, жұртшылық қуанышқа бөленген еді. Сол игі іс биыл жалғасын тауып, Қазақстан көшесі бойымен 360 метр, Қонаев көшесінен Әйтиев көшесінің бойымен Есенжанов көшесіне дейін 2140 метр жолдың құрылыс басталды. Сонымен қатар Чапаев ауылының кіре берісінен бастап, Меңдалиев көшесінің бойымен Қонаев көшесінің қиылысына дейін және Тәуелсіздік көшесі, Достық аймағын айнала жүретін жол, Чапаев ауылына кіре беріс тас жолдардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

9A9A4E0B-F60B-4B3B-862A-F6009A8C1466

Ауылдың тазалығы – тұрғылықты халықтың бет-бейнесі екеніне дау жоқ. Осыған дейін көпқабатты үйлердің жандарында 60 қоқыс контейнері болса, биыл оның 20 данасы жаңадан орнатылды.  Чапаев ауылының халық көп шоғырланатын орындарына 6 контейнер алаңдары дайындалып, онда әртүрлі қалдықтар (пластмасса ыдыстар, шыны ыдыстар, қатты қалдықтар, қатты қағаздар және т.б) салатын 19  контейнер қойылды. «Шындығын айта кету керек, ауыл жұртшылығын тазалыққа үйрету оңай болмай отыр. Таңертең үйінен шыға бере дәлізге қоқыс тастап кетуден бастап, көшеде жүріп-тұруды білмейтін үлкендерден сабақ алған жастар мен бүлдіршіндер кез келген жерге тұрмыстық қалдықтарды тастап кете береді», дейді ауыл тазалығының сапындағы қоғамдық жұмысқа тартылған қызметкерлер.

Чапаев ауылында жыл сайын жаз айларында ауылшаруашылық өнімдерін жеңілдетілген бағамен сату мақсатында ауылшаруашылық жәрмеңкелері жүйелі ұйымдастырылып келеді. Ет, сүт, көкөніс өнімдері нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен саудаланатын жәрмеңке бұрын ашық аспан астында өткізілсе, биыл арнайы орын бөліп, мұнда ауылшаруашылығы базарының  құрылысы да басталып кетті.

Түнгі ауылдың сәні мен салтанатын келістіретін – көше шамдары. Жол бойына жағалай орнатылған жарық жолаушыға жол көрсетеді, түнгі уақытта қауіпсіздігіннің де кепілі. Осы мақсатта Чапаев ауылының Жұбан, Әйтеке би, Абай және М.Маметова көшелеріне 3 млн. 600 мың теңгеге 5 электр желісі тартылып, Әбілхайыр хан көшесіне ұзындығы 1,3 км жарық бергіш электр желісі орнатылды. Чапаев ауылы Есенжанов, Исаев, Қазақстан, Қонаев секілді басты көшелердің тозығы жеткен шамдары ауыстырылды. Чапаев ауылындағы кейбір қоршаусыз тұрған трансформаторлар қоршалды. Алдағы уақытта Республика көшесіне электр үнемдегіш 130 дана жаңадан электр шамдарын орнату жоспарда.

Осыдан екі-үш жыл бұрын пайда болған жаңа шағын аудандардың ауқымы бүгінде кеңейіп келеді. Осыдан-ақ аудан орталығындағы жеке тұрғын үй құрылысының қарқынына баға беруге болады. Мысалы, Чапаев ауылының бас жоспарына сәйкес 2012 жылдан бастап осы уақытқа дейін 652 жер телімі берілген болса, оның 215 жер телімінде жеке тұрғын үйлер құрылысы аяқталды.

Округке қарасты Жайық ауылында да жақсы істер аз емес. Өткен жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен жеткен ауыз суды ауыл тұрғындары баспаналарына кіргізіп, игілігін көруде. Жуырда ғана осы ауылға дейінгі жолды жөндейтін мердігер анықталып, «ТОБИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестік жөндеу жұмыстарын бастап та кетті.

Ортақ үйіміздің ауыз толтырып айтарлықтай кейіпке енгеніне оқырмандарымыз да куә. Мұндағы әрбір жұмыс келген қонақ тамсансын деп емес, сіз бен біздің қолайлы тұрмысымыз, ауылымыздың бой түзеп, таралуы үшін жасалды. Сондықтан тірлігіміздің тынысы –ауылымызбен мақтанайық, оның тазалығын сақтап, гүлденуіне тамшыдай болсын үлес қосуға асығайық.

Әсел Сағын

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Азамат Қанапия

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале