16.04.2018, 16:44
Оқылды: 24

Ақжайықта «Дода» пікірталас клубы құрылды

Кейінгі кезде жастар арасында дәйексіз, жалпылама сөйлеу белең алғаны көпшілікке мәлім. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен халқымыздың даналығын оқып-үйрену керек-ақ. Әрине, жастардың өздерінің ой-толғамын ашық әрі ұғынықты айтуы үшін ең алдымен сөз жүйесін ұғынып барып сөйлеулері қажет. Елімізде шешен сөйлеуге септігін тигізер дебат ойындары жанданса, соған сеп болары сөзсіз. Бұл мақсатта Ақжайық ауданында жастардың «Дода» пікірталас клубы құрылды.

Осыған орай аудан орталығы Чапаевтағы «Өркен» коворкинг орталығында жастар арасында тұсаукесер ойын өтті. «Жаңа заманның озық дәстүрлері» деп аталған дебатқа ауданда әртүрлі салада қызмет жасап жатқан жастар қатысты. «Үкімет» тарапында болған аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Жәлел Жолдығалиев пен Чапаев ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерболат Мұхтарұлы жастардың заман ауанына қарай бет бұрып, жаңа технологиялармен қарулануы керегін сөз етті. Олар әлем елдерінің тәжірибесінен мысалдар келтіріп, дәстүріміздің озығы мен тозығын дәлелдермен келтірді. Ал «Оппозиция» жағында ойнаған «Жас Отан» жастар қанаты аудан филиалының төрағасы Асылан Нұрымов, аудандық кітапхананың кітапханашысы Әнуар Қайыржанов дәстүрдің ел болып қалыптасуымызға мықты діңгек бола алатынын баяндады.

«Киіз үйдің қазіргі заманда қолданылуына көңіліңіз тола ма?», «Бұрынғыдай үшбу хаттардың маңызы төмендеп кеткені ме немесе элекрондық поштаға жүгінген ұтымды ма?», осы секілді сұрақтарға байланысты алуан пікір айтылды. Үш бөлімнен тұрған ойында екі жақ та өз пікірлерінен айнымай, өз тараптарын қорғап шықты. Осы орайда қызу пікірталасқа көрермендер де араласып, ойларын ортаға салды. Аудан оқушылары арасында дебат ойындарын өркендетуге күш салып жүрген аудандық балалар шығармашылығы орталығының педагог ұйымдастырушысы Зәмзагүл Сисақова ойынды талдап, артық-кем жерін саралап берді. Әрине, қатысушылардың көпшілік алдында сөйлеуі, тосын сұрақтарға тосылып қалмай, ойын еркін жеткізуі де бағаланды.

Қазылардың шешімімен 134 ұпаймен «Оппозиция» тарапы жеңіске жетті. Осы тараптың ойыншысы Әнуар Мұратұлы үздік спикер атанды. Ойындар алдағы уақытта қыз-жігіттердің қатысуымен жалғаса береді. Жастардың сөз өткірлігі, ой ұшқырлығы сыналатын мұндай басқосулар олардың толғамын жеткізе айтып, мүдірмей сөйлеуіне септігін тигізері сөзсіз.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале