3.09.2018, 16:19
Оқылды: 87

Ақжайықта ел 20 жылдан бері күткен жаңа мектеп пайдалануға берілді

Ақжайық ауданының Шабдаржап ауылында жаңа мектеп есігін айқара ашты.

aqjaiyq jana mektep (2)

         198 орындық, екі қабатты білім ордасының құрылысына «Қарашығанақ Петролиум Опертейнг б.в.» компаниясы есебінен 635,7 млн. теңге қаражат бөлінген. Былтыр тамыз айында басталып, биыл шілде айының басында толық аяқталған құрылысты Азамат Ғұбайдуллин жетекшілік ететін «Наурыз» ЖШС жүргізді.

         Шабдаржаптықтар жаңа мектепті 15-20 жылдан бері күткен-ді. Себебі, мұнда оқушы саны жылдан-жалға көбейіп, ал ескі мектеп ғимаратының тозығы жетті. 1959 жылы салынған оның бөлмелері тіреулермен ұстатылып, ал бір қанаты апатты деп танылғалы қашан.

         Міне, тілегі қабыл болған шабдаржықтықтардың шаттығы шексіз. 1 қыркүйекте жаңа білім ұясының ашылуына аудан әкімі Әділ Жоламанов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, мердігер өкілдері қатысты.

         Ә.Жоламанов бұл салтанатта аудан бойынша білім саласындағы жетістіктер мен жаңалықтарды, жаңа оқу жылындағы жоспарлармен бөлісіп, шабдаржаптықтарды көптен күткен қуанышпен құттықтады.

         Білім басқармасының басшысы Ш.Қадырова облыс бойынша аталмыш саладағы бетбұрыстарды әңгімеледі. Мердігер атынан А.Ғұбайдуллин мектеп директоры Бекзат Иманғалиеваға мектептің символдық кілтін табыстады.

         Назарбаев Зияткерлік мектебінің үлгісімен Шабдаржаптағы білім ордасын аудандық білім бөлімі 2,6 млн. теңгеге безендірген. 14 кабинет интерактивті тақтамен жасақталып, білім басқармасы 3 «BILIM BOOK» құрылғысын орнатты. Аталмыш бағдарламада интернетті қажет етпейтін 40 мыңнан астам интерактивті сабақтар үш тілде берілген. Заман талабына сай кітапхана, 42 орындық асхана, толық жабдықталған спорт зал, мәжіліс залы бар. Техникалық су тартылған, ауыз су құбыры тартылуда. Бұл асхана үшін де, басқа да сантехникалық құрылғылар үшін де тиімді болмақ.

         «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген алаң да көз тартады. Мұнда оқушылар үзілісте ұлттық ойын ойнайды. Сондай-ақ экологиялық тәрбие беру мақсатында «Қысқы бақ» алаңы жұмыс жасап тұр.

Биыл ауданымыз бойынша 664 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отырса, соның 13-і осы мектептің оқушылары болып табылады. Сондай-ақ 1-11 сыныптағы 155 оқушы жаңа оқу жылын жаңа мектепте жаңа леппен бастады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ.

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

aqjaiyq jana mektep (1) aqjaiyq jana mektep (3) aqjaiyq jana mektep (5)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале