28.12.2016, 18:11
Оқылды: 24

Ақжайықта «Ілбішін өңірі» кітабының таныстырылымы өтті

akjayik-yli-dalamiz  Ақжайық ауданының ғасырлар қойнауынан бермен тарихына арналып осыған дейін энциклопедиялық үлгіде 7 басылым жарық көрді. Әрине, іс мұнымен біткен жоқ, 1997 жылы Чапаев пен Тайпақ аудандары қосылып, ірілендірілген өңірдің өткенін індете екшеп, зерттеу одан әрі жалғасқан-ды. Осының нәтижесінде 2014 жылы «Ақжайық ауданы» сериясымен Тайпақ атырабының шежіре-баяны тасқа басылса, енді, міне, соның қисынды жалғасы – «Ілбішін өңірі» атты кітап өмірге келіп, оның тұсаукесері өтті.


  Ертедегі әкімшілік-аумақтық бөліністерден халқымызға «Ілбішін», «Ілбішін уезі» атаулары жақсы мәлім. 1939 жылға дейін аудан орталығы Ілбішін (кейін Чапаев) аталды. Аудан әкімі Әділ Жоламановтың «Тарихымызды түгендеу – перзенттік парыз» деген арнауымен ашылған басылым «Жайықтың ежелгі көшпенділері», «Түркілер, печенегтер, оғыздар», «Пугачев бүлігі», «ХІХ ғасыр», «ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығы», «1916 жыл», т.б., яғни 26 тараудан тұрады.

  Жайық бойын өз заманында терең зерттеген оқымысты-ғалымдардың еңбектері негізге алынуымен бірге тәжірибесі бай өлкетанушы-журналист Бақтығали Қоспаевтың орталық мұрағаттарға дейін барып, көз майын түгескені, айталық, Азамат соғысы кезіндегі Бударин, Ілбішін ойрандары тың дерек-дәйектермен толықтырылған дүниені өмірге әкеліп отыр. Бұрынғы кітаптарда жарияланған саяси қуғын-сүргін құрбандарының қаралы тізімінің толықтырылуы да халық зердесінің қалғымайтынына бір дәлел екенін сөзсіз.

  Б.Қоспаевпен бірге кітапқа авторлас Чапаев №1 орта мектебінің мұғалімі Айнат Әнесованың атына, сондай-ақ оларға көмек көрсеткен аудандық «Жайық таңы» газеті мен аудандық кітапхана қызметкерлеріне зор алғыс арналды.

  Тұсаукесер рәсімінде аудан әкімі Ә.Т.Жоламанов атыраптың қалың тарихын түгендеу ісі өрістей түсетінін атап көрсетті. Ауданның кешегісі мен бүгінгісінің сабақтастығы Ұлы Даламыз шежіресінің ажырамас беттері, зерде тәрбиесінің қуатты қайнары болып табылады.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале