9.10.2018, 11:01
Оқылды: 62

Ақжайықта қазақ күресінен ашық турнир өтті

Ақжайық ауданының Есенсай ауылдық округінде қазақ күресінен 2006-2008 жылдары туған жасөспірімдер және ересектер арасында аудандық, облыстық турнирлердің жеңімпаздары, ағайынды Сансызбай мен Есқара Базарбайұлдарын еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті.

IMG_7750

         Тұңғыш рет ұйымдастырылған турнирге Орал қаласы, Жаңақала, Қазталов, Шыңғырлау, Сырым, Ақжайық ауданы ауылдарынан балуандар қатысты.

         Жастайынан күреске бейім С.Базарбайұлы Есенсай ауылында 16 жасынан механизатор болып еңбек еткен. 1965-1970 жылдары қазақ күресінен аудандық, облыстық жарыстарда әлденеше рет бас жүлде алған. Оның үлкен ұлы Есенжанның баласы Ерасыл атасының жолын қуып, күрестен жүлдегер атанып жүр.

         Ал ауыр салмақта күреске қатысып, алғашқы орындарға ие болған інісі Есқара да 16 жасынан кеңшарда трактор жүргізген. 1975-1980 жылдары облыстық қазақ күресінен облыстық белдесулерге қатысып, «түйе балуан» атанған. Бүгінде атасының күрес өнеріндегі жолын немерелері Ришат пен Миржан жалғастырып, Есенсайдағы күрес үйірмесіне қатысып жүр.

         Турнирдің ашылу салтанатында қатысушыларды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова сөз сөйлеп, ашық турнирдің ауыл тіршілігіне серпіліс әкелеріне зор сенім әкелді. Спорт ардагері Жұмажан Байбатыровтың әңгімесінен ағайынды Базарбайұлдарына деген сағыныш лебі есті.

         Турнирді ұйымдастырушылардың бірі, ауыл азаматы Серік Баймағамбетов алдыңғы толқынның еңбекте, мәдениетте, спортта жеткен жетістіктерін елге насихаттаудың маңызын атап көрсетті. Ағайындылардың қарындасы       Ақмарал Сәрсеналиева осы үлкен шараны ұйымдастырушыларға, ауылдың басшы-қосшыларына ризашылығын арнады.

         Жарыс қорытындысы бойынша өз салмақ дәрежелері бойынша Мирас Қуанышқали (29 келі), Рахат Бейболат (38 келі, Жаңақала), Ислам Нәсиболла (35 келі, Орал), Мақсат Амантай (42 келі, Қарауылтөбе), Санжар Сайдағали (46 келі, Ақжайық), Манас Енсап (+46 келі, Сырым), Нұрбек Қаматай (35 келі, Чапаев), Парасат Қайырбек (42 келі, Орал), Ілияс Есен (+46 келі, Есенсай) жеңімпаз атанды. Соңғы аталған үшеуіне аса көрнекті белдесулер көрсеткені үшін естелік кубоктар тапсырылды.

         Турнирдің тағы бір тартымдылығы, ерекшелігі сол абсалюттік салмақта «түйе балуан» атағы үшін бақ сынаған балуандардың арасында «Қазақстан Барысы» турнирінде оза шауып жүргендер болды. Бас жүлде – 100 мың теңгені оралдық Ерназар Хамзин еншіленді. ІІ орынды (50 мың теңге) да оралдық Олжас Сүлейменов иеленсе, ІІІ орын (30 мың теңге) тайпақтық Серікбай Нығметке бұйырды.

Нұрхат МАҒЗОМОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерде: «түйе балуан» жеңімпазы оралдық Ерназар Хамзин)

Суретті түсірген автор

IMG_7616 

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале