14.05.2019, 16:41
Оқылды: 41

Ақжайықта Мағзом Абатов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Есімі елге белгілі болған, Батыс Қазақстан облысы бойынша бірінші болып «Ленин» орденін алған, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің І шақырылымының депутаттығына сайланған Мағзом Абатовтың Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ ауылында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

IMG_1833

         Тақтаны «Аймекен» шаруа қожалығының жетекшісі Жақсыбек Құсайынов өз қаржысына жасатты.

         Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева қатысты.

          Мағзом Абатов 1926-1935 жылдары «Родник новый» ұжымшарында жылқышы, кейін жылқы фермасының меңгерушісі, 1939-1953 жылдары «Родник новый», «Степь» ұжымшарлары басқармасының төрағасы, Жымпиты ауданындағы №117 жылқы зауыты директорының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары және өз ауданымыздағы «Трудовик», Чуйков атындағы ұжымшарлар басқармасының төрағасы, 1954-1956 жылдары «Чапаев» ет кеңшары №1 фермасының меңгерушісі болып, үлкен еңбек, өмір жолынан өткен.

         Ол 1935 жылы 93 биеден 90 құлын алып, төлді аман сақтағаны жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1936 жылғы 1 наурыздағы жарлығымен «Ленин» орденімен марапатталды. Оның басшылығымен «Родник новый» ұжымшарында облыс бойынша бірінші болып мал шаруашылығын интенсивті дамыту, жұмысты механикаландыру қолға алынып, биелер мен саулықтарды қолмен ұрықтандыру, қойды механикалық қырқу, сабанды және түйінді тамырларды ұсақтау, жем тарту мен мал азығын буландырып беру жүзеге асырылды.

         Бүгінде Жаңабұлақ ауылының бір көшесі Мағзом Абатовтың есімімен аталған.

Бекем Бекұлы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале