24.05.2018, 12:07
Оқылды: 28

Ақжайықта Махамбеттің 215 жылдығына арналған семинар өтті

Ақжайық аудандық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы перзенті, марғасқа Махамбеттің 215 жылдығына арналып аудандық семинар өтті.

«Махамбет – егемен елдің өшпес рухы» деп аталған шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова, музей директоры Аян Жұмағалиев, мектептерден тарих пәнінің мұғалімдері, ауылдардан оқушылар қатысты.

Әрі батыр, әрі ақын Махамбеттің мұрасы жылдар өткен сайын жаңғырып, маңыздылығын арттырып келеді. Тар заманның маңдайына сыймаған рухты бабаның ұрпақ үшін жасап кеткен ерлігі ұшан-теңіз. Сол бабамызды ұмытпай, рухына бас иіп, жорық жырларын қастерлеу әрбір қазақтың парызы екені анық.

Гүлбану Құлмұханова мен Аян Жұмағалиев өз сөздерінде осы жайында кеңінен айтты. Бүгінде Махамбеттің өмірдеректеріне қатысты тарихшылар арасында даулы пікірлер бар. Осыны қаузаған Чапаевтағы №1 орта мектептің  мұғалімі Айнұр Нәбиденова хабарлама жасап, басқа да тарихи деректерге тоқталды. Жыраулық поэзияның соңғы өкілдерінің бірі Махамбеттің өлеңдерінде асқақ рух, ұлттық қамы, қайтпас кек жатыр. Тек сол философиялық мағынаға ие жыр-жақұтты жас ұрпақтың игергені ләзім. Жаңабұлақ орта мектебінің мұғалімі Жайық Қыдыров, Мерген орта мектебінің мұғалімі Серікқали Мұқанақов баһадүрден қалған отты жырлар мен күйлердің уақыт өткен сайын бәсі арта түскені  жайында әңгіме қозғады.

Мектеп оқушылары ақынның жырларын жатқа айтты. Шара соңында семинарға қатысқан тарих пәнінің мұғалімдері Махамбеттің аталған датасына байланысты жүргізіп жатқан жұмыстары үшін мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғысхатына ие болды.

Рахмет ҚАЛИ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале