24.06.2019, 13:13
Оқылды: 63

Ақжайықта «Отбасы бизнес» жобасы басталды

Ақжайық ауданының орталығында «Отбасы бизнес» жобасы аясында аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді.

otbasy (4)

Елбасының «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасынан туған аталмыш жобаның шарапатын әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар көреді. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев бұл туралы кеңінен айтты.

–Жоба арқылы кәсіп ашуға ниеті бар аз қамтылған отбасыларды қолдау басты мақсат. Белгілі кәсіпкерлер оларға көмек қолын созып, іс бастауға жәрдемші болып отыр. Қамқорлық көрген жанұялар енді осы бастаманы тиімді пайдалануы керек,-деді ол.

Сонымен қатар Асқар Батырханұлы «Отбасы бизнес» жобасы аясында кәсіптерін бастау үшін грант ұтып алған ауданның үш тұрғынына 252 мың 500 теңгенің сертификаттарын табыс етті. Сертификат иеленген Гүлсара Мангурова мен Анна Юрьенкова құс өсіруді, Самал Сүлейменова асыл тұқымды қой өсіруді жоспарлап отыр.

otbasy (2)

Аз қамтылған, көпбалалы жанұяларды қолдау, кәсіпкерлікке бейімбеуді ойлаған кәсіпкерлер осы санаттағы жандарға ірі қара мал, қой берді. Ақжол ауылдық округіндегі «Орынғали» шаруа қожалығының жетекшісі Иманмәлік Жұлқашев бір тұрғынға бір бас ірі қара, енді бір тұрғынға 3 бас қой берді. Ақсуаттағы «Жаслан» шаруа қожалығының жетекшісі Жаслан Қойшығұлов 7 аз қамтылған отбасыға 7 бас ірі қара мал атады. Мергендік тұрғын Владимир Болдырев ауылдасына бір бас ірі қара берсе, Жаңабұлақ ауылдық округінен «Ирада» шаруа қожалығының иесі Алмас Шоқаев толық емес бір отбасыға 2 тай берді. Осы округтегі «Сәрсен» шаруа қожалығының иесі Алмас Сәрсенов бір отбасына қаржылай көмек көрсетті.

Ауылдық округтердегі «Жігер», «Боран», «Азат», «Дос», «Әлібек», «Талғат», «Аңсар», «Есболат», «Нұржайнар» шаруа қожалықтары иелері өз ауылындағы жанұяларға қой атады.

Шарамен бірге ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Ақсуат, Есенсай, Мерген, Чапаев, Ақжол ауылдық округтерінен өнімдер әкелінді. Екі жылқы, 2 ірі қара мал, 5 қойдың еті арзандатылған бағамен сатылды. Чапаевтағы «Ким» шаруа қожалығының бақша өнімдері, «Тасқала-Құс» ЖШС-дан құс балапандары, балық, сүт өнімдері, аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан бұйымдар сатылды.

Бекболат Қаленов,

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале