30.11.2017, 10:25
Оқылды: 78

Ақжайықта Сейітқали Қайырғалиев әндерін орындаудан алғашқы облыстық байқау өтті

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта әйгілі композитор Сейітқали Қайырғалиевтің (1946-1992) әндерін орындаудан облыстық байқау өтті. Аудан әкімі Әділ Жоламановтың ұсынысымен қолға алынған осындай өнер мерекесі бірінші рет өтіп отыр.

Сейітқалидың сыныптасы қарауылтөбелік Гүлжамал Бәйкиева оның бала кездегі алғырлығын, дарынын әңгімеледі.  Осы ауылдың түлегі, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әнішісі Еркін Өтеген белгілі композитордың аманатына адал болуды сөз етсе, ақын Сағынтай Бисенғалиев жыр арнауын оқыды. Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова жиналғандарға ақ тілегін арнады.

Байқауға облыс орталығынан, Бөрлі, Жаңақала, Теректі, Тасқала, Ақжайық аудандарынан қатысқан 9 үміткердің әрқайсысы ережеге сай екі ән, яғни С.Қайырғалиевтің және атырап-аймағымыз ақын, компазиторларының әндерін орындады.

1946 жылы Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген Сейітқали Қайырғалиев Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін тәмамдайды. Қарауылтөбе ауылдық Мәдениет үйінде, кейіннен Алматы облыстық филармониясында қызмет жасаған. Сексенінші жылдардың басында қазақ ән әлеміне ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар сазгер болып келді. Оның ерекшелігі – қазақы әуенмен эстраданы ұштастырып, ұлттық сарындағы лиракалық әндерді өмірге әкелді. Жұмыстан қол үзбей жүріп, Шымкент мәдениет университетін бітіреді.1979 жылы Қазақ теледидарына дыбыс режессері болып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет етті.

Еңбекқор, ізденімпаз Сейітқали Қайырғалиев қазақтың Тұманбай Молдағалиев, Құдайберген Қазыбеков, Жүрсін Ерман, т.б., маңдайалды ақындармен, Мақпал Жүнісовадай сахна саңлақтарымен қоян-қолтық жұмыс жасап, қазақ әндерінің қоржынын толтыра түсті.

«Екі жұлдыз», «Кетсең де шалғай», «Махаббат назы», «Жүрек сыры», «Үмітім менің» сынды ел ішіне кеңінен таралған сыршыл әндері өміршең. Міне, өнердің інжу-маржанындай, байқау сахнасынан құдіретті сол туындылар орындалды.

Гала концертте жеңімпаздар анықталды. Оған қатысқан аудан əкімі Əділ Жоламанов құттықтау сөз сөйледі.

- Бұл байқауды екі жыл сайын өткізіп, республикалық деңгейге жеткізу ойда бар. Сол арқылы асыл ағамызды жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға мүмкіндік туады деген ойдамыз. Жерлес композитордың əн жинағын кітап қылып бастыру да келер күннің еншісінде,-деді ол. Сонымен қатар Ə.Т.Жоламанов композитордың жары Бикамал Сыдыққызына қошемет көрсетіп, камзол жапты.

Осы байқаудың бас жүлдесіне Теректі ауданының намысын қорғаған Гүлназ Құсайынова ие болды. І орынды оралдық Азамат Амангелдіұлы, ІІ орынды Ақжайық ауданынан Мирас Мэлсұлы мен тасқалалық Үміт Өтебалиева, ІІІ орынды ақжайықтық дуэт Алтынбек Базаров пен Мəдина Нұрсейілова иеленді.

Ақжайықтық əншілер - трио Венера Нұрғалиева, Айнамкөз Серікқалиқызы, Айымгүл Қайырова жəне Мирас Əжіков дипломант атанды. Жаңақала ауданынан қатысқан Жанболат Мұсағалиев композитордың жанұясы тағайындаған сыйлыққа ие болды.

«Мұндай бастама әрине, біздің отбасымызды қатты қуантады. 1972 жылы Алматыға көшіп кеттік. Ару қала Сейтекеңнің шығармашылығына зор ықпал етті. Жатса да, тұрса жанынан дәптер мен қарындашын тастамайтын. Әуен қай жерде туса, түртіп алып, кейін бала-шағасын жинап алып тыңдататын. Өмірден 47 жасында кеткен оның 50-ден астам әні жарық көрді. Алайда өзімнің қолымда әлі де жарық көрмеген біршама дүниелері бар»,-деді композитордың жары Б.Қайырғалиева.

Айта кетейік, ауылдағы орта мектептің мұражайында бөлім ашылды. Мұнда оның қолданған баяны, қолсағаты, кітаптары, күйтабақтары, өнер сапарында түскен фотосуреттері қойылды. Бұларды композитордың зайыбы Бикамал ана арнайы әкеліп берді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерде: ақынның жары Бикамал ана, аудан әкімі Әділ Жоламанов, байқаудың бас жеңімпазы теректілік Гүлназ Құсайынова; қатысушылар

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале