20.05.2019, 11:57
Оқылды: 219

Ақжайықта спортшы Асқар Шораевтың 80 жасы аталып өтті

Ақжайық ауданында ауданның Құрметті азаматы, велосипед және шаңғы спортынан КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген бапкері Асқар Шораевтың 80 жас мерейтойына арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылды.

 DSC_0127

         Алдымен мерейтой құрметіне ұйымдастырылған велошеруге қатысушылар спортшымен бірге Чапаев ауылының көшелерімен жүріп, Қонаев атындағы көшенің орталық алаңына барды.

         Бұдан кейін Асқар Ишанұлы мен зайыбы Ләйла ананы аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдады.

         –Асқар Ишанұлы, сізді сексеннің сеңгіріне аман-есен жетуіңізбен шын жүректен құттықмаймын! Сіздің ұшан-теңіз еңбегіңіз ұрпаққа зор үлгі. Жалындаған жас шағыңыздан бастап жаныңызға спортты серік етіп, биік белестерді бағындырдыңыз. Осы жолда аянбай тер төгіп, мол нәтижеге қол жеткіздіңіз. Кеңестер Одағы тұсында екі бірдей спорт түрінен спорт шебері атану бүгінде әлем чемпионы болумен бірдей. Бүгінде сол еңбегіңіздің жемісін көріп, құрметке бөленудесіз. Спорттың бұқаралық сипат алуында еткен еңбегіңіз зор. Шәкірттеріңіз көп. Ел үшін жасаған жомартығыңыз бір төбе. Сізге бақытты да ұзақ ғұмыр тілейміз!-деді аудан әкімі сөзінде. Сонымен қатар ол мерейгерге алғысхат табыстап, иығына шапан жапты. Зайыбына ақ жаулық сыйлап, гүл ұсынды.

         Шара мәдени-демалыс орталығында кездесу кешіне жалғасты. Осында аудандық орталықтандырылған кітапхана, Асқар Ишанұлының туған жерінен Қаршы мектебі ұжымыоның әр жылдардағы жетістіктері туралы көрме ұйымдастырды. Көрмеде А.Шораевтың спорттан алған кубок, медальдары, суреттері, мерзімді басылымдарда жарық көрген сұхбаттары қойылған.

DSC_0196

         Кеш барасында Асқар Ишанұлына түрлі сұрақтар қойылды. Сұрақтарға толғана жауап берген ол өзінің өмір өткелдерін әңгімеледі. Мысалы, балалық шағы хақында қойылған сауалға тұщымды естеліктермен жауап берді.

          «Мені жалғыз анам тәрбиеледі. Әкем мен інісі соғысқа аттанып, артынан хабар-ошарсыз кетті. Ағам ерте өмірден өтті. Яғни, тұрмыс тауқыметін аз тарқан жоқпын. Тіпті, сол кезде біз ауылдағы ең кедей отбасының бірі едік. Дейтұрғанмен балалық шағымдағы қиындықтан мені әбден шыңдады. Спортқа бейім болып өстім. Таңның атысы, кештің батысы спортпен шұғылдандым. Жеңіл атлетикамен айналысып, салқын суға шомылдым. Менің сондай қылықтарымды көрген көршілер, үлкендер тіпті, «бұл бала аздап ауратын шығар» деп топшылапты. Анамның қолдауының арқасында, бүкіл қиындықтарды еңсеріп, алған бетімнен таймадым»,-деді ақсақал ағынан жарылып.

         Иә, оның өмір белестері тұнған тарих. Ол 1939 жылы бұрынғы Чапаев ауданы Ілбішін кеңшарына қарасты 4-ші бөлімшеде өмірге келген. 1947 жылы кеңшардағы Қаршы мектебіне барып білім алды. 1957 жылы мектепті сәтті аяқтады. Мектепті тәмамдағасын кеңшардағы тракторшы курсын оқып, сол мамандық бойынша қызмет етті. Жұмыс барысында алғырлығымен, жауапкершілігімен көзге түскен оны басшылар кеңшардың комсомол ұйымдастырушысы етіп тағайындайды. 1958-1959 жылдары Орталық комиттеттен Қазақстан магниткасына шақыру жарияланады. Асқар Ишанұлы да еліміздің басқа да жастарымен бірге Теміртау қаласына аттанады. Ондағы жұмыстың қыр-сырымен танысқан жастарды жан-жаққа тәжірибе жинақтауға жібереді. Қазіргі Ресей Федерациясының Кемеров облысындағы Новокузнецк қаласында білімін толықтырады. Содан соң Теміртауға қайтып келіп, қызу еңбекке араласқан. Сол жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қызметтес болып, жас шақтарын бірге өткізген.

          «1962 жылы Қазақстан комсомолының 10 съезі болды. Оған комбинаттан Нұрсұлтан Әбішұлы, электро-жөндеу бөлімінен Бану деген келіншек және мен бардым. Ол жиынға Дінмұхамед Қонаев та келген болатын. Съезде Н. Назарбаев сөз сөйлеп, комбинаттағы жағдай, басқа да астарға қажетті дүниелерді айтып, өткір мәселелерді көтерді. Міне, сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы сөзге шешендігімен, алғырлығымен Д. Қонаевтың көзіне түсіп, әрі қарайғы қызметтік өрлеуіне жол ашты. Тұңғыш Елбасымен еңбек майданындағы естеліктер көп-ақ»,-деді Асқар Шораев.

         Міне, сол Теміртаудағы цехта, бірнеше градустық домна пешінің жанында ағамыз табан аудармастан 33 жыл еңбек етті. «Батыр майданда, болат қайнауда» шынығады демекші, болаттай берік Асқар Ишанұлының еңбектегі өнегесі қырық нарға жүк болардай.

         Бала кезден әдетке айналдырған спортпен шұғылдануды да ешқашан жанынан тастамаған оның ептілігін теміртаулықтар да қатты бағалаған. Ол еңбегі де еш кетпеді. 1960 жылы шаңғыдан, ал 1961 жылы велосипед спортынан Кеңестік Социалисттік Республикалар Одағының спорт шебері атағын алды. Бұл жетістік спортшының атағын алысқа апарған еді.

DSC_0162

         1974 жылы Жоғары партиялық білім алып, өзін жан-жақты шыңдады. 1992 жылы жұмыс бабымен Алматы қаласына қоныс аударып, 1993-2005 жылдар аралығында «Корпорация БАТ-та» бас директорлық қызмет атқарды. 2013 жылы Батыс Қазақстан облысының велоспорт федерациясының президенті болып сайланды.

         Зейнеткерлікке шыққасын да үйде отырып қалмай, ел ісіне белсене араласты. Спортқа жанашыр жан ретінде Ол Теміртау қаласында бірнеше спорт нысанының салынуына тікелей мұрындық болған адам. Айталық, сол қаладағы «Металлург» стадионы, велотрек, «Жастар» бассейні және 50 метрлік тирдің салынуына жетекшілік жасаған. Туған жеріне оралғасын да, ісін қайырымдылықтан бастады. Өзі оқыған Ілбішін ауылындағы Қаршы мектебіне жан-жақты материалдық көмек көрсетіп тұрды. Соның ішінде жас спортшыларды қолдауда белсенділік таныта білді. Ілбішін ауылына көгілдір отын, ауыз судың тартылуына, Қаршы мектебінің, ауылдық Мәдениет үйінің көрделі жөндеуден өтуіне тікелей атсалысқан атпал азамат.

         Бүгінде түрлі жат діни ағымдар жастарды «торғайды арбаған әбжыландай» арбап жатқаны белгілі. Осының алдын алу мақсатында Асқар Ишанұлы жомарттық танытып, 2007 жылы ауылына мешіт салып берді. Мешітті өз анасы Зейнел ананың атымен атағында да зор мән жатыр. Анасы бес уақыт намазын қаза қылмаған иманға бай адам болыпты. Ана алдындағы парыздың бір парасын өтей алған азаматқа ауылдастары дән риза. Осында көп жылдардан бері қызмет жасап келе жатқан имам Тұрсынғали Құжаповқа ауылдастары алғыс білдіріп жүр.

DSC_0025

         Асқар Ишанұлының осы және басқа да елеулі еңбектері сөз болған шырайлы шарада жиналғандар кейіпкердің өмірдеректерімен молынан қанықты. Ағаның спорт саласына сіңірген еңбегін бағалап келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева көпшілік алдында кейіпкер туралы ұзақ толғанды.

         –Еліне елеулі, халқына қалаулы Асқар ағамыздай спорт саңлағына сый-құрмет жасап жатқан ақжайықтықтарға алғысымыз зор. Облыс, аудан көлемінде бұқаралық спортты насихаттауда ағамыздың еңбегі айтарлықтай. Мысалы, Ақжайық ауданында велоспорт федерациясының ашылуына бастамашы болған ағаның еңбегі нәтижесіз емес. Ақжайықтық балғындар бүгінде түрлі додаларда олжа салуда. Асқар Ишанұлының осынау бастамалары баршаға үлгі, зор мектеп,-деді.

         Иә, Әсия Рахымқызының сөзінің жаны бар. Сонымен қатар былтыр А.Шораев Ілбішін ауылындағы Қаршы мектебінен велоспорт үйірмесін ашуға мұрындық болды. Өзі бастап, ауылдағы кәсіпкерлер қостап, үйірме оқушыларына 18 велосипед сатып алып берді. Қазір қаршылық оқушылар велоспорттың қыр-сырын меңгеруде.

DSC_0158

         Кеш барысында кейіпкердің замандасы республикаға белгілі ақын Айтқали Нәріков замандасы хақында ой бөлісті. Осындай азаматтардың атқарған еңбегін өскелең ұрпақ білуге тиіс екенін, оған қандай құрметтің де лайық екенін жеткізді. Сонымен қатар ол жақын күндері Асқар Ишанұлы туралы авторлық кітаптың жарық көретінін айтты. Осында өңірімізге белгілі кәсіпкер, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Нәсіпқали Қайырқомов сөз сөйлеп, мерейгерді 80 жасымен құттықтады.

«Болашақта қандай жоспарыңыз бар» деп сұрағанымызда, «мен қашанда еліммен біргемін. Адамның бір қызығы бала деген, ұрпағымның зор жетістікке жеткенін, биікке көтерілгенін көрсем деймін. Сонымен қатар менің ел алдындағы борышым әлі де өтелген жоқ. Шамамның жеткенінше туған жердің гүлденуіне атсалысамын. Еңбегімді ескеріп, 80 жасыма орай осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімшілігіне, жерлестеріме ағалық алғысымды арнаймын»,-деп жауап қайырды Асқар Ишанұлы.

         Осы күн құрметіне орай аудан көлемінде велоспорттан, қол күресінен, асық ату, «Бес асықтан», шағын футболдан жастар Лигасы ойындары, волейбол бәсекелері ұйымдастырылды.

Бекболат Қаленов,

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

DSC_0158 DSC_0203 DSC_0228 DSC_0231

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале