5.10.2018, 11:06
Оқылды: 48

Ақжайықта ұстаздарды құттықтады

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов мұғалімдер күніне орай ардагер ұстаздарға, олардың ізбасарларына қошемет көрсетті.

DSC_0048     Берекелі қоңыр күздегі мерекені аудандық орталықтандырылған кітапхана ұйымдастырған кітап көрмесі тіпті айшықтай түсті. Мұнда білім саласындағы жетістіктер, заман талабын сай шығарылған әдістемелік құралдар, көркем әдебиеттер жиналғандардың ерекше назарын аударды.

         Қоғамның рухани сәулеткерлерін құттықтай келіп, аудан әкімі Әділ Жоламанов ұлы қызмет өкілдері атына игі лебізін арнады. Ол ұлт болашағын қалыптастыруда уақытпен санаспай атқарған қажырлы еңбек иелерінің есімдерін ілтипатпен атады. Мысалы, жақында ғана Мерген мектеп-бөбекжайының әдіскері Светлана Сиражева республикалық «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Балалар шығармашылығы орталығының «Көркемсурет» үйірмесінің мүшесі Ли Оспан (жетекшісі Қайсар Сисенғазиев) облыстық байқауға қатысып, республикалық дельфи ойындарына жолдама алды.

         Салтанатта Алғабас орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Амангүл Әділова, Тайпақ мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Эльмира Аманғалиева, Чапаев №1 мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Зиналиева, Қамыстыкөл бастауыш мектебінің меңгерушісі Мейрамгүл Сариева, білім бөлімінің информатика пәні бойынша әдіскері Талғат Сарбөпеев, Базартөбе мектебінің география-биология пәнінің мұғалімі Мардан Хайруллин облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, бірқатар үздіктер аудан әкімінің, білім бөлімінің естелік сыйлықтарымен марапатталды.

         Нина Гузикова, Жансұлу Ғабдуллина сынды сала ардагерлері әріптестеріне ізгі ниеттерін жеткізді. Ән де айтылды, күй де тартылды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суретті түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале