23.11.2018, 13:16
Оқылды: 68

Ақжайықта халықтық ансамбльдердің кеші өтті

Ақжайық ауданы орталығында Бударин ауылы Мәдениет үйі жанындағы халықтық «Жайдарман» әжелер ансамблі мен Сәндібековтер отбасылық ансамблі ұжымдарының есеп беру концерті өтті. Шарада аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов болды.

DSC_0038

         Ауыл-елдің мәдениетіне, халық шығармашылығына жанашырлығымен ақжайықтықтарға еңбегі мәлім Анар Есенәлиева жетекшілік ететін «Жайдарман» әжелер ансамблі осыдан 10 жыл бұрын құрылған еді. Содан бері халқымыздың құндылықтарын, дәстүрлі ән-жырларды насихаттауымен өңірімізге танымал болды, облыстық байқау фестивалдерде әлденеше рет ерекшеленді.

         Будариндіктердің, Ақжайықтың мақтанышына айналған бұл ұжым  жұртымызға сүйікті «Қырманға кел, қалқатай!», «Жайна, Астана!», «Ой, жайлау!», «Жайдарман» әндерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Чапаев ауылдық округінің Жайық ауылындағы «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі Сәуле Аралова өнердегі әріптестеріне ізгі тілегін арнап, естелік сыйлық тапсыруы тіпті жарасым тапты.

         Сәндібековтер отбасылық ансамблін атырабымызда білмейтіндер кемде-кем. Облыстық «Алтын ұя», «Өнер шамшырағы» атты байқаулардың, 2014 жылғы Республикалық «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының жеңімпазы болып табылатын бұл жанұяның өнердегі ізденісі аудандағы көптеген отбасына жұғысты болуда. Кеш барысында халық арасына кең тараған «Жігіттер жыры», «Ләйлім», «Әгугәй»,т.б. әндерімен шара шырайын еселеді.

         Қос ансамбльдің бірнеше әнді бірігіп әуелетуі де құдіретті өнердің мерейін, мәйегін асырған сұлу бір сәт болды. Белгілі композитор Рахым Жанайысовтың жылдар жүзінде жұрты тамсантып келе жатқан «Ақжайық, әсем әнімсің» атты, Будариннің мақтанышына айналған Ләззат Қажығалиева, Гүлраушан Сапарова, Хамит Сақауовтар, «Жұлдыз» би тобы, мектеп оқушыларының «Әдемі» әншілер триосы да кештің көркін асырды.

         Шара соңында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өнер ұжымдарына ескерткіш сыйлық табыстап тұрып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы жайында ойларымен бөлісті. «Мемлекет басшысы өзінің бұл еңбегінде дала фольклоры мен музыкасының біздің түпкі тарихымыздан бергі мән-маңызына ерекше тоқталды. Осындай құндылықты дәріптеп жүрген бұл халықтық ансамбльдердің еңбегі орасан. Біз мұны айрықша бағалаймыз»,- деді ол.

DSC_0078

DSC_0002 DSC_0063

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале