29.07.2019, 13:56
Оқылды: 683

Ақжайықта «Жаңабұлақ тарихы» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылында тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатовтың «Жаңабұлақ тарихы» атты монографиясының тұсауы кесілді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының аясында жарық көрген жаңа кітапта Жаңабұлақ ауылының тарихы түгел қамтылған.

Zhanabulak (7)

Орал қаласындағы «Полиграфсервис» ЖШС баспанаханасынан 500 данамен жарық көріп отыр. 398 беттен тұратын монографияға Жаңабұлақ ауылының ежелгі кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихы арқау болған.

Zhanabulak (2)

Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Астрахань, еліміздегі Алматы, Орал қалаларындағы архивтерде, Ақжайық аудандық мемлекеттік мұрағаттарында ұзақ уақыт ізденген автор көптеген тың деректі ғылыми айналымға енгізіп отыр. Кітапта осы аумақтың ерте замандағы тіршілігі, орта ғасырлардағы түрлі мемлекеттік құрылымдар мен Қазақ хандығы тұсындағы қоғамдық-саяси оқиғалар, өлкені отарлаудағы Ресей империясының ұстанған саясаты, Кеңес Одағы тұсындағы өзгерістер және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі тарихи оқиғалар қамтылған.

Zhanabulak (8)

Жаңа кітаптың таныстырылу шарасына өңіріміздегі тарихшы ғалымдар, әдебиетші қауым, тілшілер, көршілес ауылдық округтер әкімдері, тұрғындар қатысты. Жиналғандарға алдымен автор туралы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, еңбек ардагері жаңабұлақтық Нұрсайын Мұстаев кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, құттықтау сөз сөйледі.

Zhanabulak (6)

–Бүгін - аудан шежіресіне жазылар айтулы күн. Өйткені Саялбек Махамбетұлы көп жылғы ізденісінен соң бізге дәл осындай тарту жасап отыр. Бұл - өлке тарихынан мол мағлұмат беретін бағалы басылым. Осы арқылы өскелең ұрпақ өткенін біліп, келешекке көз тіге алады. Мазмұнды да мәнді еңбектің авторына зор алғысымызды арнап, шығармашылық табыстар тілеймін! Бұл бастама жас тарихшыларға зор үлгі, - деді Тілек Ғабдушев. Сонымен қатар ол авторға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың естелік сыйлығын табыстады.

Zhanabulak (3)

Бүгінде М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дің дүниежүзілік тарих және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқаратын Саялбек Махамбетұлы бұл тақырыптағы ізденісін 2007 жылы бастаған. Ол шара барысында тарихи монографияға шолу жасап, кітаптағы басты-басты оқиғалар мен тың деректерді ортаға салды. Мысалы, хан Жәңгір Бөкейұлының Жаңабұлаққа жасаған сапары туралы айтылған дерек жиналғандар үшін зор жаңалық болды. «1829-1836 жылдары Жәңгір хан танымал орыс ғалымы, саяхатшы Григорий Карелинмен тұрақты түрде хат алмасып тұрды. Хаттардың басым бөлігін хан Нарын құмындағы Хан ордасында жазып жүрді. Алайда ізденіс барысында Жәңгір ханның 1832 жылы 17 қазанда Кожехаровск форпостынан жазған хатын таптық. Онда хан әскери бөлім басшысы Еким Назаровтың Жәңгір жоқта жасаған түрлі бассыздықтары туралы баяндап, бұл хатты асығыс жазып отырғанын, ешкімге көрсетпеуін өтінген»,-деді С. Ғиззатов. Қазақтың соңғы ханы туралы тың деректерді қаузап, оны Жаңабұлақ өлкесімен байланыстыра білген тарихшының ізденісіне көпшілік риза болды.

Zhanabulak (1)

Махамбет Өтемісұлына қатысты да тың деректер бар. Сұлтан Баймағамбет Айшуақовтан батырды ұстау туралы тапсырма алған №4 дистанцияның басшысы, зауряд хорунжий Ықылас Төлеев бастаған 15 адам Қаройда қоныс теуіп отырған Махамбетке жететіні мәлім. Жендеттер батырдың дастарханынан дәм татып, кейін жанжал шығарып, ақыры өлтіріп, басын кесіп алады. 1846 жылдың күзінде орын алған қайғылы оқиғадан кейін Баймағамбеттің адамдары батырдың інісі Хасан Өтемісов пен Бітімбай Шөкин деген қазақты тұтқындап, Махамбетттің меншігіндегі 3 мылтық, 2 қылыш, 1 қанжарды және 2 мініс атты ала кетеді. Бір қызығы, ақшыл сары және жирен түсті екі жылқының иелері ретінде Кожехаров форпостының отставкадағы казагы Синильников және әйел адам Горбунова танылады. Автор бұған дәлел ретінде Махамбет Өтемісұлының 1846 жылы қыркүйек айында осы ауыл тұсынан жасырын түрде Жайық өзенін кесіп өтіп, осындағы казактардың жылқыларын барымталағынан алға тартады.

Zhanabulak (5)

Сонымен қатар автор корей жұртының Жаңабұлақ жеріне қоныстануы туралы деректерді де енгізген. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қиыр Шығыстағы корейлердің елімізге, Ақ Жайық өңіріне көшуі, соның ішінде бұрынғы Ілбішін ауданы аумағына қоныстанғандары жөнінде нақты деректер келтірген. Архив құжаттарындағы дәлдікпен Кожехаровқа 192 адамның келгендігін жазған. Отбасы мүшелерін, олардың жас шамаларын да келтіріп, көрген қиындықтарын, оларға қазақ халқының көрсеткен қамқорлығын баяндаған.

Осы ауылға көшіп келіп, аман қалған жанұяның ұрпағы «ИНТЕК-ОНМР» ЖШС экологиялық жобалау тобының жетекшісі Владимир Хон шараға арнайы келіп сөз сөйледі. Ол ата-анасына қамқорлық көрсеткен жаңабұлақтықтарға алғыс айтып, басын иді.

Zhanabulak (4)

БҚО корей халқы этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ан сахна төрінде көз жасына ерік беріп, қиын-қыстау заманда өз қандастарын сыртқа теппеген қонақжай халықтың ұрпақтарына ізгі тілегін арнады. Автордың бұл деректерді кітапқа енгізуі өткен ғасырдан бастау алған халықтар достығын әйгілеп тұр.

Шарада сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстық сарапшылар кеңесінің хатшысы, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей меңгерушісі Нұржан Төлепов, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Терроризмге қарсы комиссия бөлімінің басшысы Талғат Нығметов, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» орталығының қызметкері Тұрар Шайхиев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы, ақын, жазушы, журналист Мұнайдар Балмолда, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» қоғамдық қорының төрағасы, тарих магистрі Айболат Құрымбаев, ақын Сағынтай Бисенғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлері құттықтау сөз сөйлеп, монографияның мазмұнын, маңызын әңгімеледі.

Шара соңында Саялбек Ғиззатов Жаңабұлақ ауылының рухани-танымдық сайтын таныстырды. Онда жаңа кітапқа белгісіз себептермен енбей қалған тұлғалар, ауыл өмірінен көріністер, жаңалықтар уақтылы орналастырылып тұрады. Осы күн құрметіне орай аудан мәдениет қызметкерлері өнер көрсетті.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Суреттерді түсірген

Әмірхан ИРХАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале