24.09.2018, 11:58
Оқылды: 63

Ақжайықта жас айтыскерлер айтысты

Ақжайықта жас ақындарды тәрбиелеу жақсы жолға қойылған белгілі. Аудандық балалар шығармашылық орталығы осы бағытта оқушылар айтысын өткізіп келеді. Бұл жолы да жас ақындар батыр аталарын жырларына арқау етті.

IMG_6784

Аудан орталығынан, ауылд мектептерінен қатысқан 6 балауса ақын сөз сайысын жасап, жиналғандардың зор қошеметіне ие болды. Алмалы мектебінің 10 сынып оқушысы Нұрлан Қадыраш пен Қадырқұл негізгі мектебінің 6 сынып оқушысы Дінмұхамед Зинеш тамаша айтыс үлгісін көрсетті. Дінмұхамедтің өлең құрауы, алғырлығы көпшілікті сүйсінтті. Екінші жұпқа шыққан Алмалы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Дәурен Қуанышев пен Есенсай орта мектебінің 10 сынып оқушысы Айнагүл Есқақ қыз бен жігіт айтысын жасап, жиналғандардың көтеріңкі көңіл-хошын еселей түсті. Дәуреннен басым түскен Айнагүлдің сөз саптауы, мақам әуезділігі ерекше. Олар қараорман қазағы батырды сағынғанын, сайын дала рухты ұлын жоқтап тұрғанын балаң жырларымен жеткізе білді. Соңғы жұпта сөз сайыстырған Чапаевтағы М.Әуезов атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Азат Қадырғали мен Еңбекші негізгі мектебінің (Базартөбе ауылдық округі) 6 сынып оқушысы Абзал Наурызғалидың аяқалыстары да қуантты. Абзал тыңнан түрен салып, ұтымды айтқан ой-орамдары, тапқырлығымен ерекшеленсе, Азат домбырада шебер ойнауымен, ұйқасы тастай өлең құрауымен дараланды.

Михаил бір төбе ғой Жамбылдағы,

Қорыққан ол атамнан жаудың бәрі.

Жеңіске жеткеннен соң елге келіп,

Жасаған шаруасы малдың қамы.

Жаудан да, еңбектен де бір қашпаған,

Абдолов үлкен тұлға алдымдағы.

Жасасын ұлтымыздың батырлары,

Жасасын қазағымның арлы ұлдары,-деп шабыттана жырлады Азат.

Балғын ақындардың айтысында қазылар шешімі бойынша Михаил Абдолов атындағы жүлдені есенсайлық Айнагүл Есқақ жеңіп алды. Басқа қатысушыларға да аталымдар бойынша сыйлықтар табысталды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрхат МАҒЗОМОВ

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале