14.05.2018, 11:12
Оқылды: 21

Ақжайықтықтар «Жайық тазалығына – жастық қолтаңба!» акциясын ұйымдастырды

Ақжайық ауданында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен ауылдарда «Жайық тазалығына – жастық қолтаңба!» атты дәстүрлі акциясы ұйымдастырылды. Кезекті осы шара басталар алдында аудан орталығы – Чапаевтың басты алаңында жүздесу өтіп, ауыл әкімі Нұртаза Нәбиденов акцияға қатысушыларға игі тілегін арнады.

Яғни ол тоғыз жолдың торабындағы Чапаев ауылын, басқа да елді мекендерді ажарландыру үздіксіз жүргізілуге тиіс екенін айтты. Эколог Жолай Аяпов, белсенді жас Асланбек Саламатов сөз сөйлеп, барша тұрғынды тазалық ісіне атсалысуға шақырды.

Ауылдың санитарлық тазалығына әрдайым белсене атсалысып келе жатқан ауыл шаруашылығы бөлімі, обаға қарсы күрес бөлімшесі, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Чапаев ауылдық округі әкімінің алғысхатымен қошеметтелді.

Еңбек ұжымдарының өкілдері, тұрғындар осы күні туристік база, паром жағалауы, ескі қазақ зираты, Чистинки алабы, басқа да тұстарды, 4 көше бойын тазалады. Арнайы орынға 12 тонна қалдық-қоқыс шығарылды.

– Біздің Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ұжымы да тазалық акциясына жылдағысынша, белсене қатысты. Жұмысшы-қызметкерлеріміз басқа ұжымдармен, тұрғындармен бірлесіп, күл-қоқыс төгетін орынға 13 тонна тұрмыстық қалдық шығарды, мекеменің инженері Айгүл Берікқызы.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрхат МАҒЗОМОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале