9.10.2017, 17:06
Оқылды: 16

Ақжайықтықтар Аманжол Таспаевты еске алды

Ақжайық агротехколледжінде ұстаз Аманжол Таспаевты еске алуға арналған шара өтті.

50 жасында, 2012 жылы ауыр науқастан көз жұмған оның бүкіл еңбек жолы өзі 1980 жылы (ол кезде №83 ауылшаруашылық техникалық училищесі) тәмамдаған осы кадрлар ұясында өтті. Еңбек кітапшасында тек қана бір жұмыс орны тіркелгендер сирек екені мәлім. Петропавл индустриалдық-педагогикалық техникумның да түлегі болып табылатын Аманжол Темірғалиұлы өндірістік оқыту мастері, кейін аға мастер қызметттерін қарымды орындады, ұдайы шәкірттердің қалың ортасынан табылып, олардың кәсіпке сүйіспеншілігін қалыптастыруға айтулы үлес қосты. Сондықтан колледждің әр жылдардағы түлектері ағайларын әрдайым өздерінің нағыз ұстаз-тәлімгері ден бағалайды.

Шараға қатысқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыров мұны ерекше атап көрсетті. Колледж директоры Бақытжан Қоспаев бес ұл-қыз өсіріп, үлкен отбасының тірегі болған әріптесінің шынайы мүдделілікпен орындаған әрбір ісі ешқашан ұмытылмайтынын, кейінгі лекке мұраның бірі болып қалатынын айтты.

Осыдан соң көршілес аудандардағы колледждерден, оның ішінде Атыраудан Индерден ауданынан  командалардың шақырылуымен А.Таспаевты еске алуға арналып шахматтан турнир өтті. Айналмалы жүйемен ұйымдастырылған бәсекелердің қорытындысында І орынды Ақжайық агротехколледжі, ІІ орынды Жалпақтал аграрлық және салалық техналогиялар колледжі, ал ІІІ орынды Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің ойыншылары иеленді.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале