28.02.2018, 11:02
Оқылды: 76

Ақжайықтықтар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпазымен жүздесті  

 

Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ректоры Ақсерік Әйтімовпен кездесу өтті.

Бұл ерекше кездесу мінберінен аудан әкімі Әділ Жоламанов Ақсерік Сарыұлын жеткен жетістігімен құттықтады: «Алаш жұрты мақтан тұтар азаматтардың бірі Сізді «Жүз жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының қатарынан көруіңізбен біздің Ақжайық ауданы жұрты атынан шын жүректен құттықтаймын! Біз, ақжайықтықтар, еңбегі тек қазақстандықтарға емес, алыс-жақын елдерге мәлім өзіңіздей азаматтың осындай биіктен табылуын шын мәнінде мақтан тұтамыз! Сонау 90-шы жылдары  облыс тұрғындарына компьютерлік сауат ашу, ақпараттық жүйе, ІТ технолоялары бағытында білім беру жұмысын алғашқылардың бірі болып ұйымдастырып, бұл таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың цифрлы жүйеге көшуге байланысты тапсырмасын орындауға мығым қадамдар жасап келесіз. Отанымыздың бағы мен ырысы жолындағы еңбегіңіз, шығармашылық, ғылыми істеріңіз әманда табысты болсын! Ғұмырдарияда мақсаткерлігіңіз мәуелі жемісімен жұртымызды қуанта берсін! Отбасыңыз бақытқа кенелсін!».

Сонымен қатар ол Ақсерік Сарылұлына естелік сыйлықтар табыстады.

Ақсерік Әйтімов – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мааласынан туындаған «100 жаңа есім» жобасында 14412 дауыс жинап, жеңімпаз атанғаны көпшілікке мәлім. ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының кандидаты болып табылады. Облыстық мәслихат депутаты, «Шапағат», халықаралық дәрежедегі «Біріккен Еуропа» медальдерін иеленген. Ол басқаратын ұжым өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде ресейлік жетекші жоғары оқу орындарымен, Ғылыми зерттеу институы және ғылыми консорциумдардың академиялық құрылымдарымен елеулі жетістіктерге қол жеткізді.

А. Әйтімов ақжайықтықтармен кездесу барысында көптеген сауалға жауап беріп, ой-толғамын ортаға салды. Әсіресе, Елбасының биылғы Жолдауынан туындаған тапсырмалардың маңыздылығына тоқталды. Өңірімізді транзиттік дәлізге айналдыру жұмыстарын әңгімелеп, одан елге келер пайданың көп болатынын айтты. «Біз дамыған елдер қатарына қосылуға талыпыныс жасаған осы шағымызда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына толық дайынбыз деп айта аламыз. Себебі, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұл салада көптеген жетістіктерге жетті. Қарқынды құрылыс жүргізіліп, қолмен жасалатын қыруар жұмыстарды техника арқылы тындыру оңтайландырылды. Төртінші революциялық дамудың жаңа мүмкіндіктері, әсіресе, ел жастарына жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер туғызуда. Осы жолда біздің жастар оқуға, білімге ұмтылуы тиіс»,-деді ол.

Кеште Жаңабұлақ тұрғыны, ардагер ұстаз Зәругерей Қонысов, Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Рауан Батыр сөз алып, кеш кейіпкеріне шығармашылық табыстар тіледі. Көркемөнерпаздар осы жүздесу құрметіне өнер көрсетті.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале