14.12.2018, 17:23
Оқылды: 81

Ақжайықтықтар қазақтың әйгілі дикторы Сауық Жақановамен кездесті

Ақжайық ауданы орталығындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі диктор Сауық Жақановамен кездесу өтті.

IMG_9912

         Көпшілікке көптеген жылдар радиодан ертегі оқып танылған Сауық Мәсіғұтқызы Ақжайық ауданындағы Бударин ауылында тұратын достары – ерлі-зайыпты Айдынғали Қоспаев пен Гүлшат Қайыржанқызының отбасына қыдыра келген. Ауданымыздың бай тарихы мен шежіресіне қаныққан ол мұғалімдермен, оқушылармен кездесуге ықыласпен келді. Тәжірибелі педагог, ақын Мәлік Берді Әлі жүргізген «Қазақ радиосының сандуғашы» атты кездесуде кеш қонағы әріден әңгіме қозғап, естеліктерімен бөлісіп, әсерлі әңгіме өрбітті.

         Филолог, ұстаз, жоғары дәрежелі диктордың өткен жылдар жүзіндегі «Ерте-ерте, ерте де...» деп басталатын саңқылдаған даусы сан буын тыңдармандардың құлағында қалғаны анық.

         -Қасиетті Ақ Жайық өлкесі тарихқа өте бай ел. Жәңгір хан, Жұбан Молдағалиев, Хадиша Бөкеева, Қадыр Мырза Әли секілді тұлғаларды бесігінде тербеткен осындай мекенге табанымыз тигенге шын қуанып отырмын. Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі – жастарға бүгінде зор сенім артылып отыр. Туған елді көркейту, егемендікті қастерлеу сендердің басты парыздарың болмақ,-деген С.Жақанова Тәуелсіздік күніне орай жиналғандарға жүрекжарды лебізін арнады. Осы күнді арман еткен бабалар аманатына адал болу, азаттығымызды тұғырлы ету жайында тұщымды ойларын ортаға салды. Қазақ тілінің тағдыры туралы да толғамын, пікірін айтты.

         Еңбек жолында қазақ радиолары арқылы баршаға ұстаз бола білген диктордың жетістіктері өз алдына бір төбе. Ол 1945 жылы Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданының Еркіндік ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1966-2002 жылдары қазақ радиосының дикторы болды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде сахналық сөйлеуден, журналистикадан дәрістер оқыды. Сонымен қатар «Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» кітаптарының авторы болып табылады.

         Миллиондаған халықты өзіндік даусымен ұйыта білген еңбекқор жанның өмірі өскелең ұрпаққа зор өнеге болып табылады. Оқушылар кеш кейіпкеріне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, әңгімеге тартты. Соның ішінде Сауық апа анасы Зайраның ерекше дауыста ән айтатынын, одан көптеген мәйекті сөздер мен жалыңтпаштар үйренгенін айтты. Дәл сондай тәрбиеден өнерге қызығушылығы болғанын, осындай жетістіктерге жеткенін әңгімеледі.Сауық апа кеш барысында әдемі, жұғымды даусымен Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін, ертегі оқып берді.

         М.Әуезов атындағы мектептің оқушылары ән шырқап, мәнерлеп қара өлең оқыды. Солардың ішінде ақын Кеңшілік Мырзабековтың Сауық Жақановаға арналған «Соңғы хабар» атты өлеңі де оқылды. Мектеп директоры Светлана Сабырова Сауық апаның иығына камзол жапты.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

суретті түсірген Нұрхат МАҒЗОМ

Ақжайық ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале