26.09.2018, 10:39
Оқылды: 68

Ақжайықтықтар Омар Жәлелұлымен жүздесті

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – жұртымыздың көкейіндегісін дөп басқаны мәлім. Азаттығымыз бен қазақтығымыз айтылса, қанаттанып, арқаланып кететін ағайынды қарабастың қамынан бұрын ел мен жердің тұтастығы, тіл тағдыры алаңдататыны ақиқат.

aqjaiyq (1)

         Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Алаш мәдениеті және рухани даму институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, дінтанушы Омар Жәлелұлы Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта жұртшылықпен жүздесуде осы жайында ой-толғамдарын ортаға салды. Қазақ руханиятының қара нарына айналған, шешендігімен, терең білімімен ерекшеленетін бұл азамат қапелімді «қолға түсе бермейді». Сондықтан онымен дидарласуға ынтықтар көп-ақ.     Аудан әкімі Әділ Жоламанов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева қатысқан аудан түлегі, «AQJAIYQ» телеарнасының дикторы Біржан Кухаев жүргізген шара бір деммен, мазмұнды өрілді. Бала жасынан кітап «кеміріп» өскен Омар Жәлелұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларын жатқа соғуы, Сан сауалға жауабын осы ғұламалардың ғибратты сөздерімен шегелеп отыруы залға ерекше әсер әкелді. Тіл, дін, дәстүр, байлық пен кедейлік, білім-ғылым туралы толғай келіп, байлық пен кедейлік туралы: «Біз көп жағдайда Алланың берген аманатына қиянат жасаймыз. Бізді еңбек етсін деп он екі мүшесі сау етіп жаратты, ғылым-білім игерсін деп ақыл-сана берді. Ал, біз осы мүмкіндіктерімізді ескермей, әулетті Жаратқаннан жалбарынып сұраймыз. Бұл – надандық! Немесе, керітартпалық қанымызға сіңіп қалған. Бір істі бастамас бұрын өзімізді өзіміз «басып» тастаймыз. «Ол менің қолымнан келмейді. Пәленшедей болу қайда?»,- дей берсек, жетістікке жете алмаймыз. Адам өмірге ғашық болу керек, жақсы ойлай білу керек»,- деп бір түйіндеді. Ұрпақ тәлім хақында қойылған сауалға «Ұл-қызды тәрбиелеу үшін, әрбір ата-ана алдымен өзін тәрбиелеу керек. Өйткені, ұл әкеге, қыз шешеге қарап өседі. Өзің қандай болсаң, балаң да сондай», - деп және шегеледі.

         – Дін ұстану – ақылды адамға парыз. Олай болмағанда, сен өзіңмен қоймай, өзгені де жолынан жаңылыстырасың. Ақыл толыспай жатып, дін ұстадым дегеннің пайдасынан зияны басым. Жат ағымның жетегінде кетудің басты себебі – білімсіздік, -деп саптаған сөзі де жүрекке жеткені шүбәсіз. Діни адасушылық сарсаңға салып тұрған бүгінгі уақытта мұндай пікір, тұжырымдар халқымызға ауадай қажет-ақ. Өкінішке қарай, қоғамдағы діни түсінбеушіліктерді шешудің орнына «жаңбырдың астымен су болмай» өтуді ойлаған, сөздері «тайғанақ» теологтар жоқ емес. Шешеннің бұл жайындағы әңгімесі де ұғынған жанның санасына сәуле түсірері сөзсіз.

         О.Жәлелұлы өзінің «Харекет» және «Жақсы» кітаптарын таныстырды. Адам баласын жақсы ойға жетелеп, алға ұмтылдыратын, жігерлендіретін бұл қос басылымның отбасы тәрбиесін нықтауда, ұлттық рухты көтерудегі маңызы айрықша-ақ. Бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты айтылып келеді.

         – Сан жыл отар болғанымызда құрып кетудің аз-ақ алдында қалдық. Демек, бүгінгі азаттығымыздың бағасын толық білуіміз керек. Соны сезінгенде ғана, бейбіт күнімізді бағалай түсеміз. Өз қолымыз өз ауызымызға жеткен тұста алдымызға биік мақсат қойып, қайта түлеуіміз керек қой. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялап, Отанымызды «Ұлы Дала елі» деп асқақ тұтуы, қай жағынан алып қарасақ та, батыл бастама, құтты қадам,- деді О.Жәлелұлы әңгімені түйіндей отырып.

         Жиналғандарды әсерлі әңгімесімен баурап алған азаматқа еңбек ардагері Мереке Құрманғалиев ел атынан алғысын арнады. Елдің тәрбиесін нықтап жүрген Омар Жәлелұлына ақжайықтықтар адал ниетпен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы

Суретті түсірген Нұрхат МАҒЗОМОВ

aqjaiyq (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале