17.05.2017, 14:53
Оқылды: 34

«Алаш жолымен» экспедициясының мүшелері «Қаратөбе сиезі» атауымен тарихта қалған орында болды

Қаратөбе ауданында «Алаш» қозғалысына 100 жыл толуына орай «Алаш идеясы және Ұлы дала елінің мұраты» атты тарихи-танымдық шара өтті.


ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамының, қоғамдық ой-сананың жаңғыру кезеңі болды. Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін қарап отырсақ, ұлт тағдырын, халық қамын жете ойлаған Алаш арыстары қызыл империяға қарсы қаймықпай күресіп, тәуелсіздік жолында жандарын құрбан етті.Осы кезеңде ұлтымыздың ағартушы тұлғалары, айтулы ақындары, қоғам қайраткерлерінің толғандырған негізгі мәселелері отаршылдық бұғаудан құтылып, өз алдына дербес ел болу еді.

Азаттықты аңсаған Алаш зиялыларының құрметіне арналған тағылымды шарада «Қаратөбе сиезі» атауымен тарихта қалған орынға орнатылған ескерткішке Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров, «Алаш жолымен» экспедициясының мүшелері, «Алаш» қозғалысына қатысушылардың ұрпақтары олардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Тарихи зор маңызға ие шарада Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Есқайрат Ерназаров, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директоры, ҚР Ақпарат саласының үздігі Ертай Бимұханов, «Алаш» қозғалысына қатысушылардың бірі Бижан Жанқадамовтың немересі, заңгер Ғалымжан Жанқадамов сөз сөйлеп, азаттықты аңсап өткен ұлт зиялылары турасында, тәуелсіздікке жету жолындағы олардың қадамдары жөнінде ой қозғады.

Тарихи-танымдық кеште аудандық мәдени-демалыс орталығы мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қызметкерлері бірлесіп дайындаған «Алаштың айнасы - Әлихан» атты көріністі сахналады. Мектеп оқушылары өлең оқып, мәдениет үйінің әншілері ән шырқады.

Шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Жазира Қабесова «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» атты кітап көрмесіне шолу жасады.

 Серікбай ХАСАНОВ,

 Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале