8.08.2018, 17:11
Оқылды: 52

Алдаспан жырдың Айбегі Ақжайық ауданында

Бүгін Чапаевта Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Айбек Қалиевпен кездесу ұйымдастырылды.

Айбек Қалиев (2)

Бұл дидарласу алдында ол Жұбан Молдағалиевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Алаштың аймаңдай ұлының рухына тағзым етті. Одан кейін «Өркен» коворкинг орталығында болып, оның жұмысымен танысты. Ақжайық тарихи-өлкетану музейін аралаған мейман  шежіресі бай мекеменің халыққа қызметіне аса разы болды.

«Мерей» мәдени-демалыс орталығында өткен жүздесуде жұртшылық алдымен Айбек Киікбайұлы туралы бейнебаянды тамашалады.

Торғай топырағынан шыққан таланттардың бірі оның алдаспан жырымен Алаштың аспанында жарқ еткенін, шығармашылығын халқымыз жоғары бағалайды. Өйткені, сөз өнері елдің рухани сүйініші, тірегі, қуаты екені мәлім. А.Қалиев құндылықтарымыз жайында, толғауы тоқсан тіршіліктегі түйінді мәселелер хақында әманда қазып айтуымен, тауып айтуымен ерекше білімділігін танытып жүрген жан. Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік пединститутта дәріс беріп қана қоймай, Міржақып Дулатов атындағы әдеби-мәдени бірлестікке, сондай-ақ жас ақындар мектебіне зор қолтаңбасын қосып келеді. Соның алдында Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде ұстаздық еңбегімен де танылды.

Кездесу сахнасынан базартөбелік айтыскер Санат Мұхамбетжанов, журналистика ардагері Тілес Жазықбай мен Айбек Қалиевтің шәкірті Әли Сағадат өлеңдерін оқыды. Ақынның тағы бір шәкірті, аудандық білім бөлімінің бас маманы Дана Дәулетова Л.Н.Гумилев атындағы университетте білім берген ұстазна зор ризашылығын арнады. Халықаралық жыршы-термешілер байқауының лауреаты Сұңғат Жанаев, ардагер көркемөнерпаз Аманғали Қайсағалиев, саз мектебі директорының орынбасары Қанат Есқайыров күйлер орындады.

А.Қалиевтың шәкірттерінің бірі, Арқалық пединститутының түлегі, ақын, аудандық «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов жүргізген шара соңында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев сөз сөйлеп, ақынның иығына шапан жауып, мейманға аудан әкімінен естелік сыйлықтар тапсырды.

Нұрхат МАҒЗОМОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале