14.04.2017, 15:29
Оқылды: 59

Әлем чемпионымен кездесу

Sirim alem chempionimen kezdesu   Жымпитылық Чапай Иманғалиев бүгінде 74 жаста. Ақсақалдың аптасының бес күні күрес залында өтеді. Ол 24 жылғы үзілістен кейін өзінің сүйікті спортына қайта оралып, әлемнің ардагерлер арасындағы чемпионы атанды. Оның Литва, Марокка, тіпті Біріккен Араб Әмірлігі  сияқты мемлекеттердегі ірі жеңістері қазақ спортының тарихындағы ірі табыстардың қатарына кіреді.


    Кешегі аптада Қ. Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің акт залында Сырым ауданының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Чапай Иманғалиевпен кездесу өтті.

  - Спортшының мансабында жеңіс те, жеңіліс те көп болады. Үнемі жеңіске жету мүмкін емес. Өйткені, спорттың аты – спорт. Спорт түгілі, өмірдің де заңы солай. Кейде жеңіс, кейде жеңіліс. Мен жеңіске көп жеткен адаммын. Өзімнің өмірдегі ең үлкен жеңісім – өзімді өзімнің жеңгенім. Мен жалқаулықты, дертті, қарттықты жеңдім деп ойлаймын. Жастарды спортпен айналысуға шақырамын! – деді Чапай Иманғалиев өзінің кездесу сөйлеген сөзінде.

   Кездесу барысында қатысушы жастар кеш қонағынан спортшының өмір дағдысы, спорттық жолы туралы сұрады. Белгілі балуан, Сырым ауданындағы «Қазақ күресі» федерациясының президенті Санат Берсебаев спорттағы ағасы жөнінде жақсы әңгіме айтты. Шараның қорытындысында сөз алған  аудандағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Досжан Тайшиева Чапай Иманғалиевке естелік сыйлық тапсырды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале